Биыл Павлодар облысының шетелдік сауда серіктестері артқан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы индустриялды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, жылдың басынан бері өңірдің шетелдік сауда серіктестері 47-ден 79-ға дейін өскен. Оның ішінде ТМД елдері, ҚХР, Түркия, Корея, Германия, Италия және Грекия елдері бар.
"2016 жылдың 10 айы ішінде сыртқы сауда-саттық көлемі 1,7 млрд долларды құрады. Павлодар облысынын экспорты 894,9 млн долларға жетсе, импорт көлемі – 876,1 млн доллар. Кейбір тауар түрлері экспортқа шығару бойынша жоғары нәтижелер көрсетті. Соның ішінде тамақ өнеркәсібі 105,3 пайызға жетсе, сүректі сату 20 рет өскен. Сонымен қатар, құрылыс пен машинажасау саласындағы тауарларды шығару саны жоғарылаған. Жалпы осы және басқа да өнімдер бойынша экспорт 4,5 млн долларға өсті", – дейді басқарма басшысының орынбасары Әнуар Мұқышев.
Айта кетерлігі, республика көлемінде Павлодар облысының сауда-саттық айналымдағы үлесі 3,5 пайызға жоғарылады. Биыл шетелдік делегациялармен 30 кездесу өткізіліп, түрлі меморандумдарға қол қойылды. Қазіргі уақытта Павлодар облысы әкімдігі және Аустрия мемлекетімен экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы "Жол картасы" дайындалып жатыр. Бұдан басқа, келесі жылы Беларусь Республикасының Гомель облысына, ҚХР, РФ, Германия және Польшаға іссапарлар жоспарланған.