Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өңірде коронавирустың таралуына қарсы күрес қалай жүріп жатқанын мәлім етті.
"Павлодар облысының COVID-19 бойынша қызыл аймаққа енуіне шетелден келген науқастардың да ықпалы болды. Облысымыз Ресейдің коронавирус жайлаған үш аймағымен шектеседі. Қараша айында енгізілген шектеулер Ресейден келетін адамдар легін шектеп, шетелден коронавирус індетін тасымалдауды азайтты. Ал қазір індетті жұқтыру облыс ішінде басым болып, эпидемиологиялық ахуал шиеленісіп тұр. Дегенмен денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық және кадрлық базасын нығайтқанымыздың арқасында жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік алып отырмыз", – деді облыс әкімі.
Әбілқайыр Сқақовтың мәліметінше, биыл облыстағы жедел жәрдем автопаркі түгелдей жаңартылмақ.
"Ауруханаларда жалпы төсек қоры мен жансақтау бөлімдеріндегі орындар көбейтілді. Стационарлар барынша жабдықталды, оттегі орындары 6 есе көбейді, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті және медициналық қызметкерлер резервінде 600 адам бар. Әрине коронавирус қауіпті, дегенмен өзге науқастарды да ұмытқан жоқпыз. Биыл жедел жәрдем автопаркі жыл соңына дейін 100% жаңартылады. Соның арқасында жедел жәрдемнің келу уақыты 7 минутқа дейін қысқарады. Бұрынғы көліктердің әбден тозығы жеткен", – деді Әбілқайыр Сқақов.
Сондай-ақ, бүгінгі күні Павлодарда модульді инфекциялық госпиталь ашылып, инсульттік орталық салынып жатыр.
Нұржан Көшкін