Биыл Павлодар облысында 1 млн 326 мың га ауыл шаруашылығы алқабы игеріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 107 мыңға артық. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы және механизация бөлімінің бас маманы Байболат Рахымжанов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Оның 705 мыңға жуығына дәнді дақыл себіледі. Өсімдіктің бұл түрі өткен жылы 661 мың гектарға егілген еді. Биыл жергілікті шаруашылықтар дәнді дақыл алқабын 44 мың гектарға ұлғайтты. Сонымен қатар майлы дақылдар 200 мың, картоп 17 мың, көкөніс 6,5 мың бақша өнімі 2300 гектарды құрап отыр. Биыл мал азығы 388 мың гектарға өсіріледі. Оның ішінде жүгері, сүрлем, көп жылдық және бір жылдық шөптер бар", – дейді Байболат Рахымжанов.
Бас маманның айтуынша, егіс алқаптарының көптігі жөнінен Ертіс, Железин және Қашыр аудандары көш бастап тұр. Алғашқысы 200 мың гектардан аса ауыл шаруашылығы жерін пайдаға жаратса, соңғылары 100 мың гектардан игеріп жатыр. Қазіргі таңда шаруалар көктемгі дала жұмысына қызу кірісті.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында биыл өсімдік шаруашылығын дамыту үшін 2,8 млрд теңге субсидия бөлінген.