Биыл полипропилен зауытының құрылысы басталады

953

 Биыл полипропилен зауытының құрылысы басталады

ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысындағы полиэтилен және полипропилен зауыттарының құрылысы жайында айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

"Бүгінде біз полиэтилен зауыты жобасы бойынша алдын-ала техникалық-экономикалық негіздемені аяқтағанымызды хабарлаймыз. Осы негіздемеге сәйкес, аталған зауыт жылына 1 миллион 250 мың тонна полиэтилен шығаратын болады. Жобаның нақтылы сомасы техникалық экономикалық негіздеме мен сметалық құжат дайын болған соң айқындалады. Кепілді газ шикізаты Теңізшевройлдан алынады. Осы жылдың соңына дейін техникалық экономикалық негіздемені аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ол үшін Біріккен химиялық компания мен Borealis арасында бірлескен жобалық компания құрылып жатыр", - деді Мағзұм Мырзағалиев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Вице-министрдің айтуынша, Borealis компаниясы полипропилен зауытының құрылысына да қатысады. Осыған орай, арнайы меморандумға қол қойылды. 

"Біз осы жоба бойынша Borealis-пен бірге табысты жұмыс атқарамыз деп үміттеніп отырмыз. Бұл жобаның құны 2,6 млрд АҚШ доллары, ал қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен болады. Қазірде жобаны Біріккен химиялық компания жүзеге асырып жатыр. Жобаның бас мердігері де анықталып отыр. Қаржыландыру көздері де тартылды. Биыл құрылыс жұмыстары басталады және 2021-2022 жылы аяқталады", - деп атап көрсетті Мағзұм Мырзағалиев.

Айта кетейік, 2030 жылға қарай мұнайгаз-химиялық өнімдерді тұтыну екі есе, яғни қазіргі 1 триллионнан 1,8 триллион АҚШ долларына дейін өседі деген болжам бар.

Жалпы, әлем бойынша полипропилен мен полиэтилен қанша өндірілсе де, сұранысты толығымен өтеу қиын. Қазірдің өзінде әлемдік өндіріс сұраныстың тек 60 процентін ғана өтеп отыр.

"Демек, қанша шығарса да, аталған шикізатқа деген сұраныс төмендемейді. Өйткені бұл өнімдерге сұраныс зор қарқынмен өсіп келеді. Осы аталған базалық химия өндірістерін іске қосқаннан кейін олардың айналасында, тұрмысымызда, өнеркәсіпте де күнделікті тұтыну өнімдерін шығаратын шағын және орта кәсіпорындар қалыптасатын болады. Олар пластикалық ыдыстар, ойыншықтар, маталар және күнделікті қолданылатын техника, пластикалық терезе, құбырлар және сол сияқты көптеген өнімдер бар", - дейді вице-министр Мағзұм Мырзағалиев.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу