Биыл профилактикалық мақсаттағы скринингтерге 4,3 миллиард теңге бөлінді

1437

4 ақпан – Дүниежүзілік онкологиялық ауруларға қарсы күрес күні. 

Биыл профилактикалық мақсаттағы скринингтерге 4,3 миллиард теңге бөлінді

4 ақпан – Дүниежүзілік онкологиялық ауруларға қарсы күрес күні. Осыған орай, "Мен. Мен бармын" (I Am. And I Will) деген ұранмен өтетін биылғы іс-шаралар әрбір адамды обырға қарсы күреске үлес қосуға үндейді, деп хабарлайды Медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі.

Бүгінде обыр өлім-жітім саны жағынан жүрек-қан тамыры жүйесінен кейін екінші орынға шықты. Көптеген адам бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік беріп отыр.

Статистикаға сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанда 181 мың адам қатерлі ісікке шалдыққан. Оның 34 мың 585-іне қауіпті диагноз алғаш рет қойылыпты. Пациенттердің басым бөлігі Алматы қаласының (3996), Шығыс Қазақстан (3648), Қарағанды (3614) және Алматы облыстарының (2695) тұрғындары.

Былтыр қатерлі ісіктен 14 406 отандасымыз көз жұмған. Онкологиялық аурулардан болған өлім-жітім көрсеткіші Шығыс Қазақстан (1757) және Қарағанды (1284) облыс, сондай-ақ, Алматы қаласында (1611) жоғары болып тұр.

Қазақстанда онкологиялық аурулардың сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, асқазан және өңеш, простата безінің қатерлі ісігі сынды түрлері жиі кездеседі. 2018 жылы сүт безі қатерлі ісігінен 315 әйел көз жұмған. Өкпе рагы 754 адамның, ұйқы безі обыры 202 науқастың өліміне себепші болды.

 Өкінішке қарай, әлем ғалымдары әлі күнге дейін қатерлі ісікті емдеп жазатын әмбебап дәрі ойлап тапқан жоқ. Дегенмен профилактикалық тексерулер аурудың алдын алуға және дер кезінде емделуге мүмкіндік береді.

2019 жылы мемлекет профилактикалық мақсаттағы скринингтерге 4,3 млрд теңге бөлді.

Тегін скрининг түрлері:

- 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерді маммографиялық тексеруден өткізу;

- 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдерді жатыр мойны қатерлі ісігіне тексеру;

- 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерді тоқ ішек пен тік ішек обырына тексеру.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу