Биыл "Самұрық-Қазына" мемлекетке 648 млрд теңге жолдамақ

388

"Самұрық-Қазына" биылғы 6 айда 7,2 трлн теңге табыс тапқан.

Биыл "Самұрық-Қазына" мемлекетке 648 млрд теңге жолдамақ Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы қордың Экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Мират Өтепов мәлімдеді. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылаған брифинг барысында мекемеге компаниялар тобының негізгі қаржылық көрсеткіштері туралы баяндалды. Оң нәтижелер әсіресе өндіріс саласында байқалған."Самұрық-Қазынаға" қарайтын ҚазМұнайГаздың мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 11,9 млн тоннаға жеткен. Бұл былтырғы көрсеткіштерден жоғары. Темір жол тасымалдары да 9% өскен. Ал Air Astana және Qazaq Air жарты жылда 3,8 млн. жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл да былтырғыдан 12% жоғары көрсеткіш.

"Уранды сату көлемі 5% өсіп, 9,5 мың тоннаға жетті. Біз Қазақстанның уран өндірісінде әлемдегі жетекші елге айналуға мүмкіндігі көп екенін айтып жүрміз. Сондай-ақ, электр энергиясын өндіру сағатына 17,9 млрд. кВт болды. Бұл былтырғыдан 4% артық. Сұраныстың өсуіне байланысты, бұл салада бірқатар инвестициялық жоба бастап отырмыз", - дейді Қордың Экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Мират Өтепов.

Ал қаржылық көрсеткіштерге бірнеше жағымсыз факторлар әсер еткен. Оған отын нарығындағы бағаның құбылуын жатқызуға болады. Бірақ, соған қарамастан қордың қаңтар-маусым айларындағы кірісі 7,2 трлн. теңгеге жеткен. Алдын ала бағалау бойынша, "Самұрық-Қазына" компаниялар тобының 2023 жылғы таза пайдасы 1,8 трлн. теңге болуы мүмкін. Брифинг барысында Қордың компанияларынан алынған дивидендтер қайда және қандай көлемде жұмсалатыны да айтылды

"Алдын ала деректер бойынша Қор республикалық бюджетке 146 млрд теңге құяды. Мемлекетке дивидендтер шеңберінде әлеуметтік жобаларды іске асыруға 353 млрд теңгеге дейінгі сома бағытталады. Активтерді жекешелендіру қорытындысы бойынша мемлекет қосымша 92 млрд теңге алады. Осы сомалар бойынша акционердің соңғы шешімін күтіп отырмыз. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында "Қазақстан халқына" қорына 67 млрд теңге бөлінді", - деді Қордың Экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Мират Өтепов.

Сондай-ақ, спикер қазіргі уақытта "Самұрық-Қазына" 3 денсаулық сақтау объектісінің құрылысын қаржыландыратынын атап өтті. Оның ішіне еліміздің ірі қалаларындағы ұлттық ғылыми орталықтар мен Астана қаласындағы перинаталдық орталық кіреді. Бұдан бөлек, қордың қолдауымен Жетісу облысында бірқатар әлеуметтік нысан салынып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу