2022 жылғы сәуірде қазақстандықтар 226,1 млрд теңгеге қолма-қол шетел валютасын сатып алды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Ұлттық банктің мәліметінше, биыл сәуірде теңгенің биржалық бағамы 1 доллар үшін 443,85 – 472,81 теңге аралығында болды.
"Сәуірдің соңында теңгенің долларға қатысты биржалық бағамы бір айда 4,6% нығайып, 1 доллар үшін 445,62 теңге болды. Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 11,6 млрд долларға жетті, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 1,9 млрд доллар, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 9,7 млрд доллар болды", - деп жазылған хабарламада.
Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі – 70,4% немесе 8,2 млрд доллар.
"Бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты. Операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы немесе ұсынысының арақатынасына әсер етпейді", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ 2022 жылғы сәуірде халық нетто-негізде 226,1 млрд теңгеге қолма-қол шетел валютасын сатып алған.
"Өткен аймен салыстырғанда бұл шығыстар 1,6 есе өсті (2022 жылғы наурызда – 140,6 млрд теңге), 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (170,7 млрд теңге), нетто-сатып алу көлемі 32,5% ұлғайды. Шығыстардың негізгі көлемі 83,7% немесе 189,2 млрд теңге – доллар, 5,3% немесе 11,9 млрд теңге – Ресей рублін, 10,9% немесе 24,6 млрд теңге – еуроны сатып алуға бағытталды",– деп жазылған хабарламада.
Валюталарды түріне қарай бөлгенде бір айда долларды сатып алуға арналған шығыстар 2,9 есе өсті (жылдық мәндегі өсу 1,8 есе), Ресей рублін сатып алуға арналған шығыстар 4,9 есе төмендеді (төмендеу жылдық мәнде 4,9 есе) және еуроны сатып алуға арналған шығыстар 1,5 есе өсті (өсу жылдық мәнде 2,9 есе).