Осы жылы жалпы егіс алаңы шамамен 23,8 млн гектарды құрайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп 2026 жылға егіс алқаптарының болжамды құрылымын бекіткен.
"Бұл құрылым бидай алқаптарын қысқарту және жоғары рентабельді дақылдарды ұлғайту бойынша әртараптандыруға бағытталған. Осы жылы жалпы егіс алаңы шамамен 23,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылдан 180 мың гектарға көп. Соның ішінде, майлы дақылдар алаңы 55 мың гектарға, азықтық дақылдар 242 мың гектарға, арпа 94 мың гектарға, ал ұйымдастырылған шаруашылықтарда картоп алаңы 10,3 мың гектарға көбейеді. Бұл ретте бидай алаңы 125 мың гектарға қысқартылып, 12,1 млн га құрайды", – деді Айдарбек Сапаров.
Оның айтуынша, жүгеріні терең өңдейтін инвестициялық жобаларды шикізат базасымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты жүгері бойынша әртараптандыру индикаторларын қайта қарап, оның егіс алқаптарын кеңейту жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрі биыл жүгері алқабын 265 мың гектарға жеткізу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл өткен жылдан 90 мың гектарға көп.
"Осы мақсатта министрлік Қытайдың солтүстік өңірлерінде бізге ұқсас топырақ-климаттық жағдайларда жүгері өсіретін компаниямен кездесу өткізді. Бұл компания тұқым, тыңайтқыш жеткізу және өсіру тәжірибесімен бөлісу арқылы практикалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта кәсіпорынды жүктеу мақсатында Азық-түлік корпорациясыарқылы шаруаларды форвардтық қаржыландыру және кейіннен жүгеріні инвесторға өткізу мүмкіндігі пысықталуда. Осыған байланысты әкімдіктерді жүгері өсіру бойынша халықаралық тәжірибені қабылдап, оның егіс алқаптарын кеңейту бағытындағы жұмысты жандандыруды сұраймыз", – деді ол.
Су пайдалану лимитіне сәйкес, күріш алаңы 20,2 мың гектарға қысқартылды. Мақтаның алаңы 162,4 мың гектар болып, оның ішінде тамшылатып суару алаңы 29,8 мың гектарға көбейеді, ал дәстүрлі суару әдістері қолданылатын алаңдар 12 мың гектарға қысқарады.