Биыл шаруалар 148,4 млрд теңге көлемінде несие рәсімдеген

917

Жеңілдетілген несие беру бағдарламалары арқылы елде 12571 жұмыс орны қаржыландырылса, тағы 3798 жаңа жұмыс орындары ашылады.  

Биыл шаруалар 148,4 млрд теңге көлемінде несие рәсімдеген

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша отандық кәсіпкерлер жалпы сомасы 148,4 млрд теңге көлеміндегі несие рәсімдеді, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

"ҚазАгро" холдингінің "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-дан несие алып, төменгі пайыздық мөлшерлеме бойынша кәсіпкерлер мал, ауыл шаруашылығы техникасын, құрал-жабдықтар сатып алып, айналым қаражатын толықтырған.

"Пандемияға қарамастан, ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру үздіксіз жүргізілуде. Оның ішінде: 38,5 мың бас ірі қара, 84,3 мың ұсақ мал, 20,8 мыңнан астам жылқы, 1402 түйе және 90 шошқа. Сондай-ақ, мыңнан астам бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен 312 бірлік құрал-жабдықтар сатып алынды. Айналым қаражатын толықтыруға 98,1 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді", – дейді "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы Бағлан Құлтаев.

Несие беру бағдарламалары ауыл кәсіпкерлері арасында сұранысқа ие. Айталық, көктемгі дала жұмыстары "Кең дала" және "қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша 81 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландырылса, 27 млрд теңгеден астам несие "Агробизнес" бағдарламасы бойынша берілді, 3,3 млрд теңгеге "Сыбаға" бағдарламасы бойынша мал сатып алынуға жұмсалған және 16,6 млрд теңгеге жуық қаражат "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы шеңберінде берілген.

"Одан бөлек, "Іскер" бағдарламасы бойынша әлеуметтік осал азаматтар қатарындағы кәсіпкерлер арасында танымал, оларды қолдауға 4 млрд теңгеден астам сомаға несие берілді. Тағы бір маңызды ақпарат, Аграрлық несие корпорациясы жеке қаржы институттарын а/ш саласын қаржыландыруға белсенді түрде тартуда. Осылайша, жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қоғамның тікелей несие беру үлесіне небәрі 35% тиесілі, қалған 65% - ы кредиттік серіктестіктерді қорландыру құралдары, ЕДБ, МҚҰ, АИО және лизингтік компаниялар арқылы іске асырылды",– дейді компаниядан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу