Биыл шегіртке қаупі артуы мүмкін - АШМ

565

Биыл шегіртке қаупі артуы мүмкін - АШМ

ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомствоның вице-министрі Гүлмира Исаева 2018 жылы шегірткенің таралу қаупіне қатысты мәселелерді көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Ағымдағы жылы шегірткеге қатысты жағдай қиын болатын секілді. Біріншіден, шегірткенің таралуы Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында болжанып отыр. Биыл осы зиянкестердің 1,9 млн гектарға таралуы мүмкін деген қауіп бар", - деді Исаева.

Сонымен қатар ол өткен жылдың қарашасында мемлекеттік сатып алулардағы заңбұзушылықтың салдарынан препараттарды сатып алу жұмыстары іске асырылмағанын жеткізді. 

"Қазіргі кезде біз министрлік пен әкімдіктердің өзара іс-қимылының жоспарын әзірлеудеміз. Осы орайда шегірткенің таралуына тосқауыл қоюдың шараларына айрықша мән беріліп отыр", - деді вице-министр.

Өз кезегінде ҚР премьер-министрінің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев шегірткемен күрестегі кемшіліктерге пікірін білдірді.

"Шегіртке бойынша жағдай біршама назардан тыс қалған. Тендерлер уақытылы өткізілмейді. Шынын айтқанда, бұл бағыттағы шаралар түсініксіздеу. Шегірткеге қатысты мәселе өте маңызды. Қазіргі кезде саладағы мән-жай тексеріліп, айқындалатын болады. Сондықтан алдын ала ештеңе айта алмаймын", - деді Шөкеев.

Осы орайда ол оңтүстік өңірлердегі ахуалға тыңғылықты қарауды тапсырды.

"Қазіргі кезде біз команданы құрдық, басқа вертикальды қалыптастырудамыз. Шұғыл түрде барлық қажетті препараттарды сатып алумен айналысу керек. Екі аптадан кейін маған атқарылған жұмыстарды баяндап беріңіздер, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстандағы іс-қимылдар жайында мәлімет қажет", - деді Өмірзақ Шөкеев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу