Биыл ШҚО-да 78 аю атуға рұқсат берілді

1235

 Биыл  ШҚО-да 78 аю атуға рұқсат берілді

Шығыс Қазақстан жақты мекендейтін жыртқыштар саны 6 пайызға көбейген. 2012 жылы орта есеппен аймақта 1988 аю есепке алынса, былтыр олардың саны 2206 ға жеткені белгіленген. Бұл туралы ШҚО-ның табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаев айтты, деп хабарлайды  altaynews.kz.

Биологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жыл сайын аюларды  аулауға, атуға рұқсат етіліп отыр.  Былтыр аңшыларға 56 аюды атуға рұқсат берілсе, биыл 78 аюды атуға жолдама қарастырылыпты. Аюды аңшылық үшін атуға, аулауға лимит тек аю саны көбейген  ШҚО-ға ғана беріліп келеді.

Қоңыр аю табиғатта 15-18 жыл өмір сүрсе, ал зообақтардағы аю 30-40 жылға дейін тіршілік етеді екен.

"2015 жылы министрліктің бұйрығымен зиянды жануарлар мен құстардың санын реттеу стандарттары бекітілгенде реттеліп отыратын қасқыр, қарға сияқты зиянды  аң -құстар тізімінің ішіне қоңыр аю, балықтарды қырып, жеп жатқан су құзғыны  енгізілген жоқ. Бірақ біз соңғы  үш жыл көлемінде аюмен су құзғынын уақытша реттелетіндей етіп тізімге енгізу туралы биологиялық негіздемеге сай министрлікке ұсыныс, хаттар жазып, мәселені көтеріп келеміз. Қазір жағдай  назарға алынып,қарастырылып жатыр", - дейді Арман Есентаев.

Аюдың көбеюіне аймақтың орман-тоғайында тұяқты жануарлар санының ұлғаюы әсер еткен. Бес жыл бұрын бұланның саны 2,5 мыңдай болса, былтыр 3,5 мыңға жеткен. Тау ешкісі мыңға тақап, қабан саны артқан, елік 1,5 мыңға көбейіп, шамамен 16 540 басқа жетіпті.

Шығыста көбейіп бара жатқан тағы бір жыртқыштың бірі — қасқыр.

Қасқырлар популяциясын реттеуге жыл сайын облыстық бюджеттен орта есеппен 10-11 млн теңге қаржы бөлініп келеді.  Жыл сайын қасқырдың жалпы санының 40 пайызы атылып, жойылып отыр. Соған қарамастан бөрілердің өсіп-өнуі ұлғайып келеді. Жарма, Катонқарағай, Зайсан сияқты малды өңірлерге  ит-құстың шектіріп отырған зияны көп. Былтыр облыста 375 қасқыр, 20 бөлтірік, биыл 200 ден астам қасқыр атылған. 2012 жылы аймақта 958  қасқыр бар делінсе, олардың саны 2017 жылы 1038-ге жетті деп белгіленіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу