Биыл Солтүстік Қазақстан облысы 6,2 млн тонна астық жинап, рекордтық деңгейге жеткен. Бұл өңірдің экономиканың басқа салаларындағы көрсеткіштері де жоғары болып, республикада алдыңғы орынға шығып отырғанын хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Солтүстік Қазақстан облысының экономика басқармасы ұсынған дерекке сүйенсек, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құрылыс жұмыстары 27,3%-ға, тұрғын үй құрылысы – 22,9%-ға, ауыл шаруашылығы – 30,2%-ға, инвестициялар көлемі – 9,4%-ға, бөлшек сауда 1,2%-ға өскен.
Ауыл шаруашылығында егістікпен қатар басқа өнімдердің артуы он айда 30,2% құраған. Республика бойынша бұл көрсеткіш 12,7%. Алайда мал шаруашылығындағы өсім мардымсыз болып отыр, небәрі 0,7%-ды құраған. Сүт өндіру – 5,6%, жұмыртқа 4,9% артқан.
Он айлық мерзімде облыстың өнеркәсіп саласы 548,5 млрд теңгенің өнімін шығарып, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда жоспардың 113,0% орындалуына қол жеткізген. Он айда экономикаға тартылған мемлекеттік және жекеменшік инвестиция көлемі 370,6 млрд теңгені құрап, 109,4%-ға артқан. Ал құрылыс жұмыстарының өсу қарқыны былтырғымен салыстырғанда 27,3%-ға артып, 147,4 млрд теңгенің жұмысы атқарылған. Республикалық орташа өсім көрсеткіші – 110,2 пайыз. Құрылыстың қарқынды өсімінің арқасында 10 айда облыста 187 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Былтырға қарағанда бұл өсім 22,9%-ға артқан.
Бөлшек саудадағы өсім де былтырғыдан асып түсті. Былтыр 306 млрд теңгенің тауары сатылса, биыл ол 330 млрд теңгеге жеткен.
Алайда биылғы жылдың 10 айында мемлекеттік бюджеттің орындалу жоспары 87,7% болып отыр. Жоспарда белгіленген 174,7 млрд теңгенің орнына ол 153,3 млрд теңгеге орындалған. Есесіне жергілікті бюджет 103,3%-ға орындалып, жоспардағы 97,4 млрд теңгенің орнына 100,6 млрд теңге түскен.