Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова осы аптаның соңында кезекті оқу жылы аяқталғаннан кейін мектеп бітіруге қатысты қандай іс-шаралар өтетінін айтты.
"25 мамыр күні сағат 11:00-де барлық мектепте мүмкіндігінше ата-аналардың, қамқорлық кеңес мүшелерінің, бизнес өкілдерінің және мектепті үздік бітірген бұрынғы түлектердің қатысуымен 1-10 сыныптарға арналған онлайн соңғы қоңырау өткізіледі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектерді телеарналар арқылы құттықтайды. 3 маусым күні 11 сынып түлектері үшін аттестаттар және "Алтын белгі" тапсыру рәсімі өтеді. Бұл іс-шара мектеп аумағында ашық аспан аясында ұйымдастырылады. Іс-шараға мектеп формасымен келу қатаң түрде талап етіледі. Салтанатты рәсімнен кейін түлектер алеясында ағаш отырғызу жоспарлануда. Мектеп бітіру шараларын өткізу кезінде мектеп әкімшілігіне құқық бұзушылыққа, мейрамханалар мен кафелерде кештер өткізуге жол бермеу жүктелді", – деп атап айтты елордалық білім басқармасының басшысы.
Айта кетсек, пандемия кезінде қашықтан оқытуға байланысты мемлекеттік қорытынды емтихандар өткізілмейді.
Нұржан Көшкін
Фото: fonstola.ru