Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі су ресурстарын пайдалануды реттеу департаментінің басшысы Сәкен Әтел мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Астана қаласында Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында спикерге: "Неліктен Қазақстан Қытай, Өзбекстан елдерімен суды әділ бөлу туралы келісімге келе алмай отыр? Министрлік жағдайды қалай бақылайды?" – деген сауал қойылды.
– Бізде көршілес Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдерімен келісім бар. Мысалы, Сырдария өзеніне келетін болсақ, жылына кемінде екі рет су үлестіру комиссиясының отырысы өтеді. Суармалы кезеңде және вегетацияаралық кезеңде режим бекітіледі. Оның ішінде Шардара су қоймасына келетін судың көлемі де бекітіледі. Айтатын болсам, 5 сәуірде кезекті отырыстың қорытындысына сәйкес, Сырдария су қоймасына су жіберу көлемі 3,7 млрд текше метр болып бекітілген, – деді Сәкен Әтел.
Жалпы елімізде су шаруашылығы кәсіпорындарында 10 мыңға жуық маман қызмет етеді. Жаңа құрылыс нысандарының салынуына байланысты және су шаруашылығы саласы жұмыскерлерінің жасына жасалған талдау нәтижесінде алдағы 4-5 жылда су шаруашылығы мамандарына қажеттілік 2 мыңдай адамды құрамақ.
Ал, биыл суару кезеңі басталғалы Қазақстанда ауыл шаруашылығының қажеттілігіне 8 млрд текше метрден астам су пайдаланылған.