Талдықорған қаласында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Биылдың өзінде бірнеше нысан пайдалануға беріледі, деп хабарлайды inform.kz.
Алматы облысы әкімінің міндетін атқарушы Ләззат Тұрлашов пен Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев қаладағы құрылыс нысандарын аралады.
Әкімдер бастаған топ алдымен 6-шағын ауданда салынған 168 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысымен танысты. Тұрғын үй кешенінің жалпы құны 918 млн теңгеден асады. Үйлер наурыз мейрамы қарсаңында тапсырылмақ.
Екінші нысан – қаланың оңтүстік батыс бөлігінде салынып жатқан Көрме кешені. Мұнда негізгі жұмыстың барлығы аяқталған. Енді ішкі әрлеу, ауласын абаттандыру істері қалған. Ғимарат жуырда қолданысқа берілмек.
Келесі нысан – жаңа драма театр. Бүгінде оның іргетасы құйылып, қабырғаcы тұрғызылып жатыр. Жоспар бойынша театр 2018 жылдың жазында қолданысқа берілмек. Осы маңда салынып жатқан Салтанат сарайы да биыл күзде қолданысқа беріледі. Жалпы құны 900 млн теңгеден асатын нысан қаланың көз тартар көрікті ғимараттарының бірі болмақ.
Әкімдер тобы тоқталған соңғы нысан – этноауыл. Бұл да биыл қолданысқа берілмек. Жалпы құны – 280 млн теңге.
Облыс әкімінің міндетін атқарушы мұндай тексеру енді әр сенбі сайын өтетінін айтты.