Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы ЖЭО-2-де 2018-ші жылы №7 қазандықтың құрылысы басталады. Ол жайлы облыс әкімі Ерлан Қошанов халық алдындағы есептік кездесуі барысында мәлімдеді.
"Барлықтарыңыз білесіздер, ЖЭО-2 жылу тапшылығын бастан кешуде. Станция жабдықтарының тозығы әбден жеткен. Осыған дейін біз сәйкесінше қазандықтарды және турбиналарды жөндеу арқылы жағдайды қадағалап отырдық. 2017-ші жылы жөндеу кампаниясы ерекше бақылаумен өтті. Аязды күндерді үлкен ақауларсыз өткердік. Дегенмен, бұл құр қолдау шаралары, - деді аймақ басшысы. – Станцияға қуат тапшылығын жою қажет. Ол үшін станцияны толықтай жаңғырту керек. Ол жұмыстардың бастауы биыл іске кірістірілгелі отырған №7 қазандықтың құрылысы болмақ".
Ерлан Қошанов энергетика саласындағы басқа да жобаларға тоқтала кетті. Станцияларды кеңейтудің арқасында Жезқазған, Балқаш қалалары және Топар кентінде жылумен қамту жағдайы жақсаратын болады.
Қарағанды және Жезқазған қалаларындағы жылу желілерін қайта қалыпқа келтіруге шамамен 6 млрд теңге көлемінде қаражат бағытталмақ.
2017-ші жылы Ақтас және Ботақара кенттерінде қазандықтар салынды. Қарағанды және Абайда "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша жылу желілерін қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді.