Премьер-министр Олжас Бектеновтың қатысуымен өткен кеңесте одан бөлек те, бірнеше министр баяндама жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олар Президент тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шараларға тоқталды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев отандық өндірісті дамыту, арнайы экономикалық аймақтарды жаңғырту және геологиялық барлауды күшейту жөніндегі шаралар туралы баяндады.
Отандық тауар өндірушілердің тізілімінде 5,6 мың компания тіркелген. АЭА қызметін кезең-кезеңмен трансформациялау жоспарлануда. Бүгінгі уақытта АЭА-да өңдеу өнеркәсібі бойынша 4,4 трлн теңгеге 555 жоба жүзеге асырылды, 33 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.
Терең өңдеу саласында шикізаттың сыртқа шығарылуын реттеу және жоғары қайта бөлінген өнім шығаруды ынталандыру бойынша шаралар көзделген. Сондай-ақ, Маңызды минералдар саласын дамыту стратегиясы әзірленуде. Геологиялық барлау саласында алдағы үш жыл ішінде қаржыландыру көлемін өткен 30 жылдағы инвестициялар көлемімен теңестіру жоспарланып жатыр.
Ал Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров болса, агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндады.
– Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру және саланы жеңілдетілген қаржыландыруды кеңейту – басты назарда. Ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту және қадағалаудың цифрлық құралдарын енгізу бойынша міндеттер өз алдына бөлек белгіленген. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінде 2026 жылдан бастап инвестициялық субсидиялардың өсуі мен ҚҚС-тың төмендеуін, сондай-ақ шикізатты қайта өңдеу мен терең өңдеу бойынша жаңа жобаларды іске қосуды қоса алғанда, қосымша ынталандырулар көзделген, – деді ол.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыруды реформалау тәсілдерін ұсынды. Президент тапсырмаларын орындау шеңберінде жекеменшік мектептерді қаржыландыру өңірлердің қажеттілігін ескере отырып, басым жобаларға шоғырландырылатын болады, сондай-ақ олардың стандарттарға сәйкестігін бақылау күшейеді. Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру нәтижелері және оны кеңейту жоспарлары жеке ұсынылған; 2025 жылдың қорытындысы бойынша үнемдеу 25,7 млрд теңгені құрады.
Азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесі бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев сөз сөйледі.
– Қазіргі уақытта Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қорғау платформасына сүйене отырып, әлеуметтік саланы цифрландыру және қолдау шараларын проактивті форматқа көшіру үшін деректерді дайындау жүргізілуде. Сондай-ақ еңбек нарығын трансформациялау бойынша міндеттер белгіленді: МЖӘ моделі бойынша Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құру шеңберінде сұранысқа ие кәсіптер үшін мамандарды қайта даярлау және оқыту бағдарламалары, сондай-ақ оқушылардың кәсіптік диагностикасын кеңейту жоспарлануда, – деді министр.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйенің құрылғаны туралы баяндады. Ол саланың IТ шешімдерін біріктіріп, процестерді ашық бақылауды қамтамасыз етуі керек екенін айтты. Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе және денсаулық сақтау порталын іске қосу 2026 жылдың 1 желтоқсанына жоспарланған. Сондай-ақ, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде "Әлеуметтік әмиянның" дамуы атап өтілді. 2025 жылы ол арқылы 13,8 млн-нан астам рецепт ұсынылды, бұл жалпы көлемнің 82%-ын құрайды.
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың сөзінше, саланың транзиттік әлеуетін арттыру және цифрландыру маңызды саналады.
– 2026 жылы транзит көлемін 55 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда (+65%). Бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба аяқталады. Ресей Федерациясы және ҚХР-мен шекаралық инфрақұрылым бойынша үйлестіру жұмыстары жүргізілуде. ҚТЖ жол картасы және жаңа тарифтік саясат бекітілді. Автожол саласында Қызылорда, Сарыағаш және Рудный қалаларының үш айналма жолының құрылысы басталады. 33 өткізу пункті жаңғыртылуда. ЖИ-шешімдерді енгізу бөлігінде Smart Cargo платформасын мемлекеттік және салалық сервистермен интеграциялау жалғасады. 2027 жылға дейін Біртұтас интеллектуалды көлік экожүйесі құрылады, – деп сөзін қорытындылады ол.