Биыл көшкендер саны еселеп артып, 3 730 мүшесі бар 816 отбасы солтүстік облыстарға көш түзеген. Бұл туралы "Nur Otan" партиясының жанындағы республикалық қоғамдық кеңесіннің онлайн отырысында "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы бағдарлама басталғалы Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан арнайы делегациялар Түркістан облысына тұрақты түрде келіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Қалған екі облыста бұл жұмыстар баяу. Сондай-ақ биыл жеке кәсіпкер, қоғам белсендісі Жаңабай Ағабеков өз қаражаты есебінен автобус жалдап, облыстан 30 адамның Павлодар облысына барып-қайтуына демеушілік жасаған. Нәтижесінде барып қайтқан 30 адамның 28 отбасы Павлодар облысына қоныс аударған.
"Көші-қон жұмыстарын жандандыру үшін Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарына көшуді насихаттауды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен облыс әкімдіктерінің қолдауымен үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер де тартылып, жүзеге асырылуы керек. Сондай-ақ ол солтүстік өңір әкімдіктерінің халық көп қоныстанған Сайрам, Жетісай және Сарыағаш аудандарында фронт-офис түрінде өкілдігін ашуды қолға алу қажет. Сонымен қатар ауылшаруашылығы бойынша жұмыс атқарғысы келетін кәсіпкерлерге логистикасы дамыған елдімекендерден жылыжайлар мен мал бордақылау алаңдарын салу үшін 1-2 пайызбен жеңілдетілген несиелер, субсидиялар, гранттар беру қажет деп есептейміз. Солтүстік пен шығыстағы ауылдарды көріп, жағдайымен танысып қайту үшін азаматтарға бір реттік жолақы қаржы қарастыру керек. Қазір бұл мәселе демеушілер арқылы шешілуде. Бірақ ол уақытша іс", – деді Бейсен Дәулетұлы.
Сондай-ақ ол оңтүстік өңірден ерікті түрде қоныс аударуға ниет білдірген азаматтарға көшіп баратын өңірден 1 айлық жатын орнымен қамтамасыз ететін орталық ашуды да ұсынды. Солтүстікке көшкен азаматтардың несие қарызын өтеуді 1 жылға шегеру, некеде тұрғандарды баланстық құнның қалдық құнымен 5 жыл өткеннен кейін жекешелендіру құқығымен пәтерді жалға беру, оңтүстік өңірдегі ірі кәсіпкерлері мен іскер азаматтарына солтүстіктен шаруашылық мақсаттағы жерді жалға беру ісін жандандыру қажет деп есептейді. Егер бір кәсіпкер 10 немесе 20 отбасыны көшіріп, оларды жұмыспен қамтыса, мемлекеттік қолдаулар көрсетілуі тиіс. Көпбалалы отбасыларға, "Күміс алқа", "Алтын алқа" иелеріне ерекше жағдай, қосымша көмектер үйлестірілуі керек деген сынды ұсыныстар да айтылды.
Отырыста "Серпін" мемлекеттік бағдарламасы туралы да сөз болды. Аталған бағдарлама аясында соңғы 5 жылда Түркістан облысы бойынша жоғары оқу орындарына 10 364 жас оқуға қабылданған. Биыл "Серпін" жобасының 320 түлегі оқуды аяқтағанымен, солтүстік өңірлерде тұрақты жұмысқа тұра алған жоқ. 2019 жылы 5 109 грант бөлініп, 2 292 адам оқуға түссе, 2020 жылы 979 адам ғана қабылданған. Гранттарды толық үлестіру жұмыстарын жауапты министрлік тиянақты түрде жүргізуге тиіс.