Биыл ҰБТ сұрақтары базасының 50 пайызы жаңартылды

1147

Биыл ҰБТ сұрақтары базасының 50 пайызы жаңартылды

Бүгінгі күні барлық ҰБТ пәндері бойынша тест сұрақтарының базасы құрылған. 2018 жылы тест сұрақтарының базасы 50%-ке жаңартылды. Бұл туралы үкімет отырысында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды primeminister.kz.

"Осы жылғы ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген мектеп бітірушілердің саны 102 442 немесе жалпы бітірушілер санының 70%-ін құрайды. Оның ішінде 77 мың немесе 76%-і қазақ тілінде, 25 мыңы немесе 24% — орыс тілінде тапсырады. Былтырғы жылмен салыстырғанда ҰБТ тапсыруға өтініш берген жалпы бітірушілердің саны 10 мыңға өсіп отыр. ҰБТ-ға қатысатын балалардың үлесі 70% құрап, қазақ тілінде тапсыратын балалардың саны 5%-ке өсті. Биыл бітірушілерге алғаш рет ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыру мүмкіндігі беріледі", - дейді министр.

Оның айтуынша, министрлік ҰБТ нәтижелері бойынша мектептердің рейтингін жүргізбейді.

Түлектердің ҰБТ-ға дайындығы үшін сынамалық онлайн тестілерінің функционалы жетілдірілді. Енді одан үйде отырып-ақ өтуге болады. Бүгінгі күнге дейін 145 мың рет онлайн тест тапсырылған.

Сонымен қатар, мектептердің сұранысы бойынша осы жылдың басынан бері өңірлерде сынамалық тестілеу қағаз түрінде 390 мың рет алынды. Сондай-ақ, мектептерге қосымша 185 мың сынамалық тест  кітапшаларын жіберу көзделген. Осылайша, осы жылы әр бітіруші ҰБТ басталғанша орта есеппен 7 рет сынамалық тестілеуден өтеді.

Биылдан бастап "Алтын белгіге" ие болған түлектер білім беру гранттарын тағайындау кезінде тек балдары тең болған жағдайда ғана басым құқыққа ие болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу