Журналистер арасында өлім-жітімнің өсуіне Украинадағы соғыс, Гаитидегі тайталас пен Мексикадағы қылмыстық топтардың зорлық-зомбылығының күшеюі себеп болды.
Бұл туралы халықаралық журналистер федерациясының (IFJ) жыл сайынғы есебінде айтылған, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Журналистер үшін ең қауіпті ел Украина деп танылды. Соғыс ошағынан ақпарат таратқан 12 БАҚ қызметкері мерт болды. Олардың көпшілігі украиндар, бірақ арасында америкалық деректі фильмдер режиссері Брент Рено сияқты басқа ұлт өкілдері де бар.
Мексикадағы қылмыстық ұйымдардың терроры мен Гаитидегі заң мен тәртіп бұзушылықтар сәйкесінше 11 және 6 БАҚ өкілдерінің өліміне себеп болды.
Федерацияның есебінде 2022 жылы 375 журналист пен БАҚ қызметкерлері саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғандығы көрсетілген. Олар қазір өз қызметін жүргізгендері үшін түрмеде отыр. Журналистерді қамауға алудан Қытай, Мьянма, Түркия мен Иран алда тұр.
Өткен жылы 47 БАҚ қызметкері қаза тауып, 365 журналист бас бостандығынан айырылды.