Ұлыбритания биылдан бастап 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге кіруге шектеу қоюы мүмкін. Бұл туралы The Times газеті жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
БАҚ-тың жазуынша, тиісті шешім осы мәселе бойынша қоғамдық кеңестер аяқталғаннан кейін жаз мезгілінде қабылдануы мүмкін. Тыйым әлеуметтік желілерге ғана емес, чат-боттарды пайдалануға да қатысты болмақ. Бұдан бөлек ел үкіметі онлайн-платформалардан балалардың қосымшаларда өткізетін уақытына шектеу қоюды да талап етуі ықтимал.
Ұлыбритания үкіметі балалар мен мектептердің әл-ауқаты туралы заңға түзету енгізіп жатыр. Бұл ретте министрлер "VIII Генрихтің өкілеттіктерін" пайдаланбақ. Яғни, олар парламенттің немесе соттың толық бақылауынсыз заңға ауқымды өзгерістер енгізе алады. Бір сөзбен айтқанда, бұл өкілеттіктер атқарушы билікке шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді. The Times газетіне пікір білдірген Үкіметтегі дереккөздің айтуынша, интернеттегі қауіпсіздік туралы заңды қабылдау жұмыстарына бес жылдан астам уақыт кеткен. Басылым бұл шектеулердің биылдан бастап енгізілуі мүмкін екенін жазады.
Қаңтар айының соңында Ұлыбританияда балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қою, мектептерде смартфон қолдануға тыйым салу талаптарына қатысты қоғамдық кеңестер басталды. The Guardian газетінің хабарлауынша, лейбористік партияның ондаған депутаты премьер-министрдің атына хат жолдап, 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды қолдауға шақырған. Кейін лордтар партиясы балалардың әл-ауқаты туралы заң жобасына енгізілген түзетуді қолдады.