Биыл Ұлытау облысында 12 нәресте шетінеп кеткен

223

Жаңа құрылған облыста "Ана мен бала" денсаулығына қарайтын мамандар тапшы. 

Биыл Ұлытау облысында 12 нәресте шетінеп кеткен Фото: freepik

Ұлытау облысында жыл басынан бері жаңа туған 12 нәресте шетінеген. Бала өлімінің көбеюіне созылмалы аурудың асқынып, дәрігер көмегіне кеш жүгінуі себеп дейді мамандар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Нақтырақ айтар болсақ, неантолог, акушер-гинеколог, реаниматолог, нефролог пен кардиологтар жоқтың қасы. Шала туған нәрестені бағып-қағатын мамандар мен қатар жаңа заманға сай құрылғылар да жетіспейді.

Жансақтау бөлімдерінде әлсіз туған баланың бетін бері қарату да қиын. Өйткені арнайы медициналық құрылғылар тапшы. Өңірде клиникалық балалар ауруханасын салу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Дегенмен Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы жағдай жыл өткен сайын жақсарып келеді дейді.

Былтыр бұл уақытта 19 бала көз жұмған. Дегенмен 200 мыңнан аса ғана тұрғыны бар облысқа бұл аз емес. Ал перзентханада аман-есен босанғанымен, баласыз шыққан аналардан полицияға арыздар түсіп жатыр. Жас аналар дәрігерлердің салғырттығына наразы. Әзірге үш қылмыстық іс қозғалып, тексеріс басталды.

"Елу пайызы ол өкпе қабынуы, пневмониядан қайтыс болған. Отыз үш пайызы перинаталдық кезеңдегі нәрестелер және он жеті пайызы жүректің тума ақауынан пайда болған өлім деп есептеліп отыр. Науқастардың өліміне әртүрлі фактор әсер етеді. Біріншіден, науқастардың ауырлығына байланысты, екіншіден, дәрігерлердің жіберген қателігіне де байланысты", - дейді Ұлытау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Бейсембаев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу