Биыл үш автожол учаскесі ақылы жүйеге өтеді. Бұл туралы ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Оның айтуынша, "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының негізгі басым міндеттерінің бірі республикалық маңыздағы автожолдарға ақылы жүйе енгізу болып табылады. Барлығы 6,5 мың шақырым автожолды ақылы ету жоспарлануда.
"Биыл біз Астана-Теміртау (132 км) және Алматы-Қапшағай (42 км) автожолдарында ақы алу жүйесін монтаждау жұмыстарына кірістік. Ал, екінші жартыжылдықта Алматы-Қорғас (295 км) автожолындағы ақылы жүйені монтаждау жұмысы басталады. Жыл соңына қарай аталмыш учаскелерде ақылы жүйе толық енгізіліетін болады", - деді министр Жеңіс Қасымбек.
ҚР ИДМ басшысының мәліметі бойынша жыл соңына дейін 5,5 мың шақырым жолға ақылы жүйе енгізу жобаларын әзірлеуді аяқтау жоспарланып отыр (Қапшағай-Талдықорған, Астана – Қостанай – РФ шекарасы, Павлодар – РФ шекарасы, Ақтөбе – Орал –РФ шекарасы, Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы, РФ шекарасы – Ақтөбе – Қызылорда, Тараз – Қайнар, Щучинск – Көкшетау – Петропавл –РФ шекарасы, Орал – РФ шекарасы, Астана – Павлодар, Ақтау – Бейнеу, Қызылорда-Шымкент-Тараз, Шымкент- Өзбекстан шекарасы).