160-қа жуық ЖЭК стансасы электр қуатын өндірудің 7%-дан астамын құрады. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, стансалар саны 159-ға жетті.
"Биыл 266 МВт жиынтық қуатқа ие бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық. Қарағанды және Ұлытау облыстарында жаңа жел электр стансалары, Қызылорда және Маңғыстау өңірлерінде күн парктері пайдалануға беріліп, еліміздің энергетикалық жүйесіне нақты үлес қосуда", – деді Ерлан Ақкенженов.
Сала дамуының ең бір маңызды кезеңі бірінші рет гигаваттық класты жел электр стансасын және энергия жинау жүйелерін салу бойынша ірі аукционның өткізілгені болды.
Ведомство басшысының сөзінше, есепті кезеңде Қайыргелді, Тұзкөл және Тасболат жаңа үш газ кен орны пайдалануға берілген. Тасболат кен орнын іске қосу Маңғыстаудағы Қазақ газ өңдеу зауытының қуатын толықтыруға мүмкіндік берді.