Биыл VI жазғы Спартакиада аясында "Спорттық жаз" челленджі басталады

493

Children Paralympic Games 2023 инклюзив спорт фестивалі ұйымдастырылады

Биыл VI жазғы Спартакиада аясында "Спорттық жаз" челленджі басталады Фото: Ашық дереккөзден

Биыл жазда жаспөспірімдер арасында ұлттық спорт түрлерінен чемпионат ұйымдастырылады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, биыл VI жазғы Спартакиада аясында "Спорттық жаз" челленджі басталады.

"23 маусымда еліміздің барлық өңірінде Астананың 25 жылдығын мерекелеуге және халықаралық Олимпиада күніне орайластырылған "Мен спортты таңдаймын!" республикалық акциясы басталады. Ерекше қажеттігі бар балаларға да ерекше көңіл бөлінеді. Осыған орай Children Paralympic Games 2023 инклюзив спорт фестивалі ұйымдастырылады. Оған еліміздің барлық өңірінен ерекше балалар қатысады. "Инклюзивті хореография" үйірмесінің тәрбиеленушілері арасында би байқауы өтеді", - деді министр Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, "Саламатты болашақ" әлеуметтік жобасы аясында тегін спорт секциялары ұйымдастырылады. Балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту үшін түрлі спорт жарыстары өтеді.

"Мәселен, "Бурабай 2023" республикалық жартас фестивалі аясында (1-2 шілде) балалар маршруттары ұйымдастырылады. "Алакөл-2023" республикалық турнирі аясында веложарыс (8-9 шілде, Жетісу облысы), 13 тамызда Ақмола облысы Бурабай ауылында ULY DALA JARYSY кедергілерді еңсеру байқауы өтеді", - деді Асхат Оралов.

Ұлттық спорт түрлері бойынша тоғызқұмалақтан (классика, рапид, блиц) Қазақстан чемпионаты, 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында Бала би атындағы қазақ күресінен республикалық турнир, жасөспірімдер арасында асық атудан Қазақстан чемпионаты жоспарланған.

"1 маусымда Жақсылық Үшкемпіров атындағы "Жекпе-жек" сарайында "бочча" паралимпиадалық спорт түрінен Қазақстан чемпионатының салтанатты ашылуы жоспарланған әрі жазда таэквондо мен джиу-джитсудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттары (Астана, тамыз) өтеді", - деді министр.

Айта кетерлігі, министрлік ұйымдастырған барлық спорттық іс-шараға балалар тегін кіре алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу