Биыл жарты миллионға жуық қазақстандық декларация тапсырады

1477

Қазақстанда биылғы қаңтар айынан жалпыға бірдей декларациялау басталды. Декларация тапсыру міндетін адамдардың тобына қарай кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланған.

Биыл жарты миллионға жуық қазақстандық декларация тапсырады

2021 жылы жалпыға бірдей декларациялауға жарты миллионға жуық қазақстандық қатысады деп күтілуде, деп жазады finprom.kz.

Ал 2025 жылы өз кірістерінің мөлшері жөнінде барлық тұрғын есеп береді деп жоспарланған. 

Декларациялау кезінде азаматтар активтері мен міндеттемелері жөнінде ақпарат ұсынуы керек. Онда меншікте тұрған пәтер, көлік, тіпті банкте сақталып тұрған қаржы көлемі де көрсетілуге тиіс. 

Мұндай ауқымды шараның басты мақсаты – көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы күрес үшін жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін тиімді бақылау жүйесін құру.

Азаматтардың жеке кірісі мен мүлкін декларациялау – әлем елдерінде бар тәжірибе. АҚШ, Канада, Германия, Франция, Швеция сынды мемлекеттер баяғыдан бері осы тәсілді қолданып, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға күш салып отыр. 

Жалпы Қазақстанда декларациялау  2017 жылы басталуға тиіс еді. Кейін бұл жұмыс 2021 жылға шегерілді.

Сонымен, жалпыға бірдей декларациялауды алдымен мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары және оларға теңестірілген азаматтар бастады. Бүгінде мемлекеттік басқару және қорғаныс саласында, сондай-ақ міндетті әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесінде 492,5 мың адам жұмыс істейді. Осы азаматтар тобы декларациялаудың бірінші кезеңінде мүлкі мен кірісі туралы алғашқы болып есеп береді. 

Жалпыға бірдей декларациялау көлеңкелі экономика мен мемлекеттік құрылымдағы сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға және Қазақстандағы салық төлеушілердің салықтық мәдениетін көтеруге септігін тигізуге тиіс. Сонымен қатар салық базасын кеңейтіп, жеке табыс салығы сынды бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің көбейтуге ықпал етпек.

Қымбат Нұрғали

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу