Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов онлайн брифинг барысында мәлім етті.
"Алматы облысында тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Өткен тоғыз айда 712,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жылдық жоспар – 938,8 мың шаршы метр", – деді ол.
Өңір басшысының айтуынша, Елбасының "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысына 38,3 млрд теңге бөлінді.
Жалпы облыста барлығы 2843 пәтерлік 566 тұрғын үй салынуда, оның 1020-сы көп балалы отбасыларына беріледі. 1533 отбасы "7-20-25", "Бақытты отбасы" және "Шаңырақ 5-10-20" жеңілдетілген бағдарламалары бойынша пәтер алады.
Құралай Құдайберген