Қазақстанның мемлекеттік органдарында азаматтық сектор өкілдерімен өзара іс-қимыл жасайтын уәкіл институты енгізіледі. Бұл туралы "Қазақстандағы азаматтық қоғам дамуының басымдықтары" тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында ҚР дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов мәлімдеді.
"Осы жылдан бастап мемлекеттік органдарда жаңа институт енгізіледі. Әрбір мемлекеттік органда азаматтық сектор өкілдерімен өзара іс-қимыл жасайтын уәкілеттілер институты енгізіледі. Бұл мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимыл механизмін нығайту және жетілдіру тұрғысындағы министрлік жұмысының логикалық жалғасы болып табылады. Осы бағытта жақында ғана үкімет тарапынан да тапсырма болды. Жақын арада күзге қарай әрбір мемлекеттік органда осындай уәкілетті тұлға болады деп үміттенеміз", - деді Абазл Нүкенов.
Вице-министрдің айтуынша, әрбір мемлекеттік органда қызмет саласы бойынша үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға жауапты адам бекітіледі.
"Бұл үшін жеке штаттық бірлік бөлінбейтінін, аталған міндет мемлекеттік органдар қызметкерлерінің біріне жүктелетінін атап өткім келеді. Біз бұл уәкілдің маңызды мәселелерді шеше алатындай негізгі лауазымды тұлға болуына бар күшімізді саламыз", - деді вице-министр.
Вице-министр қазіргі уақытта министрлік үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейтін жауапты тұлғалардың өкілеттіктерін нақтылау бойынша мемлекеттік органдарға арналған тиісті ұсыныстарды әзірлеп жатқанын атап өтті. Аталған ұсынымдарда азаматтық қоғам өкілдерімен тұрақты кездесулер ұйымдастыру, олармен өзара іс-қимылды ұйымдастыру, үнемі байланыстар орнату, осы және өзге де салаларда белсенді тұлғаларды анықтау, азаматтық қоғам өкілдерін алаңдатын мәселелерге мониторинг жүргізу сияқты іс-шаралар қамтылады.