Биыл қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы санынан жүйелі жемқорлықтың 49 фактісіанықталды, 212 адам әшкереленді. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Агенттік ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызметінің төрағасына, Шымкент қаласы және Жетісу облысы ТЖД бастықтарына қатысты тергеуді аяқтады. Лауазымды тұлғалар жалпы сомасы 40 млн теңгеден астам бизнес өкілінен жүйелі негізде пара алды деген күдікке ілініп отыр", — делінген хабарламада.
Тергеу соты күдікті адамдарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.
Мәлім болғандай, екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қылмыстық әрекеті тоқтатылған.
Павлодар облысында "Ертіс Орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды.
"Күдіктілер аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырумен және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланумен байланысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу бойынша айыпталды. Шарбақты ауданының аумағында „Ертіс Орманы“ мемлекеттік орман табиғи резерватының бас директоры бастаған ұйымдасқан қылмыстық топ 2022 жылдың сәуірі мен 2023 жылдың желтоқсаны аралығында технологиялық және отын ағаштары түріндегі іскерлік сүректі заңсыз сату арқылы шамамен 153 млн теңге сомаға орман ұрлаған", — деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары соттың санкциясымен қамауға алынды.
Осыған ұқсас қылмыстар үшін бұрын "Семей Орманы" басшылығы сотталған болатын.
Аталған қылмыстардың жасалу себептерін талдау көрсеткендей, тұрақты жемқорлық схемалары жолын кесу үшін жүйелі және кешенді шаралар қабылдау қажет.
Агенттік бейінді министрліктің атына тиісті ұсыныс жолдады.
"Түркістан облысында білім беру саласында жемқорлық әрекеттері үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Шардара ауданының білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған бюджет қаражатын жымқыру мақсатында қатысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", — делінген хабарламада.
12 қатысушыдан тұратын тұрақты қылмыстық топ білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аудару арқылы 2020-2023 жылдар кезеңінде жүйелі негізде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктенеді.
Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келтірілді.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Жетісу облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдасқан қылмыстық топ құру және бюджет қаражатын жымқыру мақсатында оған қатысу фактісі бойынша Талдықорған қаласының білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеуді аяқтады.
Тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ 2020 жылғы қаңтар мен 2023 жылғы наурыз аралығында Талдықорған қаласының аумағында 13 қатысушыдан тұратын адамдар тобы құқыққа қарсы іс-әрекеттермен айналысқан.
Олар жүйелі түрде білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырған.
Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 4,3 млрд теңге көлемінде залал келтірілді.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Сонымен қатар, 460-тан астам автокөлікті заңсыз есепке қоюмен айналысқан ҰҚТ мүшелеріне — елордалық Мамандандырылған ХҚКОқызметкерлеріне, полиция қызметкерлеріне және азаматтық тұлғаларға (12 адам 3,5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, 3 адам 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды) қатысты үкім шығарылды.
Мемлекетке келтірген жалпы шығын 1,2 млрд теңгені құрады.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.