Биылғы 6 айда еліміздің теңіз порттарында 3 млн тонна жүк тиелді

674

Отандық сауда флотымен Каспий теңізіндегі порттар арасында 1,14 млн тонна жүк тасымалданыпты. 

Биылғы 6 айда еліміздің теңіз порттарында 3 млн тонна жүк тиелді

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің теңіз порттары арқылы 3 млн тонна жүк ауыстырып тиелді, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, көрсеткіш өткен жылғымен шамалас.

"Теңіз порттарында жүк таситын автокөлік құралдарын ауыстырып тиеу көлемі 53 % артқан. Яғни, ол көрсеткіш 2019 жылдың алғашқы 6 айында 3171 болса, биыл 4865-ке жетті",– дейді ведомстводан. 

Сондай-ақ, контейнерлерді ауыстырып тиеуде оң динамика байқалған: көрсеткіш 16 % өсіп, 13 867 бірлікті құрады.

Есепті кезеңде отандық сауда флотымен Каспий теңізіндегі порттар арасында 1,14 млн тонна жүк тасымалданыпты. Оның ішінде 6 538  контейнер Ақтау – Баку фидер желісінің үлесінде. 

"Биыл бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ішкі су жолдары бойынша тасымалдау көлемі 191,5 мың тоннаны құрап, 2019 жылғы көрсеткіштен 7,8% өсті. Оның ішінде 97,9 мың тонна Ресей бағытында.

Шлюздерді күрделі жөндеу шеңберінде ауданы 5 813 м2 темір-бетон құрылымдарына жөндеу жүргізілді",– деп жазылған ведомство хабарламасында.

Министрліктің сөзінше, Каспий бағытындағы әлеуетті одан әрі арттыру шеңберінде жаңа теңіз бағыттарын ашу, Ақтау теңіз портында контейнерлік  хаб құру, экспорттық жүктердің бір бөлігін Құрық портына қайта бағдарлау пысықталып жатыр. Сондай-ақ, Кеме қатынасы туралы келісімді және Суға батқан кемелерді көтеру жөніндегі Найроби конвенциясын ратификациялау бойынша мемлекетішілік рәсімдерді аяқтау жоспарланып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу