Биылғы армиялық ойындар сайысы 10 мемлекеттің аумағында өтеді

1479

"Алабино" полигонында мерейтойлық "Армиялық халықаралық ойындар-2019"  сайысы бастау алды.

Биылғы армиялық ойындар сайысы 10 мемлекеттің аумағында өтеді

Мәскеу облысының "Алабино" полигонында "V Армиялық халықаралық ойындары – 2019" сайысының ресми ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды қорғаныс министрлігі.

Биылғы жылы ойындар тамыздың 3-і мен 17-і аралығында 10 мемлекеттің 21 әскери полигонында, Каспий, Балтық теңіздері мен Парсы шығанағының су айдындарында өтеді.

Бұл ойындарды Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Иран, Қытай, сондай-ақ алғаш рет Өзбекстан, Моңғолия және Үндістан өз жерлерінде өткізеді.

Жылдан жылға қарай АрХО-ға деген қызығушылық арта түсуде. Сонымен бірге, қатысушы елдердің саны да ұлғаюда. Осы жылы үздік деген атаққа, жүлделі орындар мен марапатқа Азия, Еуропа, Африка, Орталық және Латын Американың 39 елінен 223 команда бақ сынасатын болады.

Армиялық ойындардың бағдарламасына далалық, әуе және теңіз машығы бойынша 32 байқау кіреді. Қазақстан командасы оның 16 байқауына қатысады.

Өткен ойындарда Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы көшбасшылар үштігінде болды. Биылғы жылы әскери қызметшілеріміз жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ниеттеніп отыр.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Беларусь қорғаныс министрлері, сондай-ақ қатысушы елдердің ресми делегациялары қатысты. 

Жарыс барысында әскери ұшқыштар мен байланысшылар, дәрігерлер мен кинологтар, мергендер мен артиллерияшылар, аспазшылар мен инженерлер, теңізшілер мен десантшылар өздерінің шеберліктерін паш ететін болады.

Армиялық ойындар аясында Моңғолия аумағында алғаш рет "Ат марафоны" байқауы өтеді. Қатысушылар арасында Қазақстан командасы да бар.

Айта кетсек, 7 тамызда Қазақстанда Армиялық халықаралық ойындар-2019 бастау алады. Полигондарымызда "Артиллериялық оқ ату шеберлері", "Сұңқар аңшылығы" және "Сенімді қабылдау" байқаулары өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу