2024 жылдың І жарты жылдығының қорытындысы бойынша елімізге шетелден келетін тікелей инвестицияның жалпы көлемі 9,8 млрд долларды құрады. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Egemen Qazaqstan газетіне шыққан мақаласында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жыл басында, яғни 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту, бизнес шығындарын азайту арқылы кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз етуді тапсырған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев 10 мамырда "Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды. Ал 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Жолдауында Президент еліміздің таяу келешектегі экономикалық дамуының негізгі бағыт-бағдарын айқындады", – деп жазды Берік Уәли.
Оның айтуынша, Үкімет жыл бойы осы негізгі міндеттерді атқаруға бар күш-жігерін жұмсады.
"2024 жылдың І жарты жылдығының қорытындысы бойынша шетелден келетін тікелей инвестицияның жалпы көлемі 9,8 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш тау-кен өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, өңдеу өнеркәсібі салаларында көбірек тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі қаңтар-қараша айларында 15,8 трлн теңгеге жетті. Бүгінде 795,9 млрд теңге көлеміндегі сомаға 134 жоба іске қосылды, 10,1 мың тұрақты жұмыс орны құрылды", – деп атап өтті ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы.
Мақалада Мемлекет басшысы жаңадан жұмысын бастаған бірнеше ірі зауыт пен кәсіпорынға арнайы барып, қызметімен танысқаны айтылған.