Төртінші жыл қатарынан ел чемпионы атанған "Астана" футбол клубы биыл өз тарихындағы ең нәтижелі маусымды өткізді. Өйткені астаналық аяқдопшылар чемпионат барысында 74 гол соққан. Бұл – жоғарғы лигадағы ең үздік көрсеткіш, деп хабарлайды 24.kz.
Бұған дейін елордалық команданың жақсы деген нәтижесі 2014 жылы тіркелген еді. Ол кезде 63 доп соғылған болатын. Ал ең үздік ойыншы атағы биыл "Қайрат" сапындағы Жерар Гоуға бұйырды. Ол 32 матчта 24 рет мергендігімен көзге түскен. Ал үздік үштікті "Астана" құрамындағы Жуниор Кабананга мен Патрик Твумаси түйіндеп тұр. Олардың еншісінде сәйкесінше 19 және 13 голдан бар. Аталған аяқдопшылардың барлығы ел чемпионатында доп теуіп жүрген легионерлер.
Ал қазақстандық ойыншылар арасында алматылық клуб капитаны Бауыржан Исламхан ең тәуір көрсекішке ие. Ол 27 кездесуде 11 гол соқты.