Биылғы жылы 5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін мемлекетке қайтару жоспарланып отыр

701

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жер қатынастарын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізіп, онда ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың ғарыштық мониторингі және оларды цифрландыру мәселелері қаралды, деп жазады  inbusiness.kz Үкімет басшысы сайтына сілтеме жасап. 

Биылғы жылы 5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін мемлекетке қайтару жоспарланып отыр

"Мемлекеттік бақылау әдістерінің пысықталуын ескере отырып, биыл мемлекетке қайтарылған пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданын өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге ұлғайту жоспарлануда. 2021 жылы 1,3 млн га қайтарылды, 2022 жылы кемінде 5 млн га қайтару жоспарда бар", – деп жазылған таратылған ақпарда.

Баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қазір "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ базасында ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жасаудың жетілдірілген нұсқасын енгізу пысықталып жатқанын хабарлады.

"Жер инспекторының кабинеті" жасалды, ол әр жерден алынған деректерді талдап, жер учаскесін ұтымсыз пайдалану белгілерін анықтауға және осындай фактілерге жедел жауап қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл платформа 2022 жылдың жазында іске қосылады", – деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар министр ауыл шаруашылығы жерлерінің барлығын цифрландыру аяқталғаннан кейін ғарыштық мониторингтің тиімділігі жақсаратынын атап өтті. Бұл процесті 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Еске салар болсақ, бұған дейін Қазақстанда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері жұмыс істейтін шаруа қожалықтарына берілетіні хабарланған болатын.

Наурыз айының соңында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2019-2021 жылдары елімізде 8,1 млн гектар пайдаланылмайтын немесе мақсатсыз пайдаланылған ауыл шаруашылығы жерлері анықталғанын хабарлады. Жауап беру шаралары қабылданғаннан кейін бұл аумақтардың 3,4 млн гектары бұрынғы жер учаскелерінің иелерімен игеріле бастады. 2,1 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 2,6 млн гектар жерді жергілікті атқарушы органдар игеруде.

2022 жылғы қаңтардың басында Мемлекет басшысы пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қою мерзімін екі жылдан бір жылға дейін қысқартқан; ғарыштық мониторинг арқылы мемлекеттік бақылаудың жаңа тетіктері енгізілді; пайдаланылмайтын ауылшаруашылық жерлеріне салықтың екі еселенген мөлшерлемесі туралы заңға қол қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу