Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ жаңа Ата заң жобасындағы халықаралық шарттарға қатысты норманы түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жалпы заң ғылымында халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың ара қатынасы мәселесін қойылуының өзі бұл екі құқықтық жүйенің дербес екендігін көрсетеді. Олардың арасындағы қатынастар үстемдік пен бағыныштылық емес, өзара әрекеттесу, бейімделу, келісім, толықтыру сияқты қағидаттарға негізделетіні жайлы пайымдайды. Ұсынылған Конституция жобасында халықаралық шарттарға қатысты үш негізгі ереже көзделген. Біріншісі – Қазақстан Республикасының халықаралық шарт міндеттемелерінің нормалары Қазақстан Республикасының қолданылатын құқық жүйесінің құрамдас бөлігі екені айқындалады. Осылайша жобаның 5-бабының 1-тармағында ҚР қолданылатын құқығы Конституцияның оған сәйкес келетін заңдардың, ҚР Конституциялық соты мен ҚР Жоғарғы сотының нормативтік қаулыларының, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің ҚР халықаралық шарт міндеттемелерінің нормалары деп нақты көрсетілген", – деді депутат.
Үнзила Шапақтың айтуынша, ҚР халықаралық міндеттемелерден бас тарпайды.
"Керісінше оны қолданылатын құқықтың, яғни қоғамдық қатынастарды реттейтін маңызды құрамы ретінде мойындалатыны тұжырымдалған. Бұл бойынша дау туындауы мүмкін емес, бұрыннан бері келе жатқан қағида әлі де сол қалпында жұмыс жасайтын болады. (...) Жаңа Конституциядағы өзгерістер халықаралық міндеттемелерден бас тарту туралы емес, олардың қолдану тәртібіне қатысты. Жобада халықаралық шарттардың ел аумағында қолданылу механизмі заңдармен белгіленетіні қарастырылған", – деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.
Қазақстанда ратификацияланған барлық халықаралық шарттар жарияланатыны да айтылды.
"Бұл жоғарыда аталған екі ереженің іске асуының бірізді нәтижесі. Яғни, біз халықаралық міндеттемелерді қолданыстағы құқықтың бөлігі ретінде танимыз. Екіншіден, оларды заң талаптарына сәйкес қолданамыз. Үшіншіден, оларды жариялаймыз", – деді Үнзила Шапақ.
Айта кету керек, бұған дейін Жаңа Конституция жобасында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде айқын көрініс тапқанын жазғанбыз.