Ақ үй басшысы Дональд Трамп АҚШ-тың Иранмен соғысты аяқтау туралы уағдаластыққа қол жеткізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты CNN-ге сілтеме жасап.
"Естідіңіздер ме, жоқ па білмеймін, бірақ біз бүгін Иранмен соғысты аяқтадық", – деді Дональд Трамп Джорджия штатының губернаторы қызметіне үміткер, вице-губернатор Берт Джонсты қолдауға арналған телемитингте.
Ақ үй басшысының айтуынша, Иранның ядролық қаруға ие болмайтыны туралы уағдаластық бар.
"Біздің басты талабымыз осы. Бүкіл мақсаттың 95 пайызы осы еді", – деді ол.
АҚШ президентінің тиісті мәлімдемесі Иранға қарсы қосымша соққылар жасалмайтыны туралы хабардан кейін жасалды. Ол Truth Social әлеуметтік желісінде бітімнің нақты шарттарын жарияламады. Десек те, Иран билігі әзірге келісімге қол жеткізілгені туралы мәліметті растамады.