"Біз қарсымыз!": Ақтөбеде ауыл тұрғындары барлау жұмыстарына наразылығын айтты

361

Қарғалы ауданының екі ауылында мұнай қорын іздеу үшін геологиялық барлау жүргізілмекші. 

"Біз қарсымыз!": Ақтөбеде ауыл тұрғындары барлау жұмыстарына наразылығын айтты Фото: Inbusiness.kz

Компания барлауды бастап кету үшін әуелі тұрғындардың келісімін алуы керек. Алайда, Шәмші Қалдаяқов атындағы және Петропавловка ауылының халқы қоғамдық тыңдау кезінде оған үзілді-кесілді қарсы екендерін айтты. Талқылау бұған дейін тамыз айында да өткен болатын. Жұртшылық бұрынғы пікірінен айнымады.

"Геологиялық жұмыстардың басталғанына біз  түбегейлі қарсымыз. Кеңқияқ пен Жаңажолда тәулік бойы факельдердің жанып тұрғаны жетіп жатыр. Біз ештеңе емес, балаларымыздың болашағы не болады, соған алаңдаймын?!" — дейді ауыл тұрғыны Нұрлан Ысқақов.

Ауылдықтардың алаңдап отырғаны — барлау жұмыстарының соңы қоршаған ортаның экологиясына кері әсерін тигізетіні. Өңірдегі ең ірі Қарғалы су қоймасының түбі құрғап қала ма деген ой да мазалайды. Өйткені, су қоймасын тұрғындар бау-бақшаны суғаруға ғана пайдаланып отырған жоқ, ауыз суды да содан алып отыр. Егер жобаны құптаса, барлау жұмыстары 540 шаршы шақырым жерде жүргізілуі тиіс.

Жобалаушылар болса барлау жұмыстарын жүргізуде үкіметтің геологиялық барлау жұмыстарын арттыру туралы қаулысын негізге алғандарын айтты.

"Бұдан бұрын өткен қоғамдық тыңдау кезінде біз бәлкім, мән-жайды жеткілікті түсіндіре алмаған шығармыз, негізі біз қолға алғалы отырған істің бәрімізге пайдасы бар. Біздің алдымызда мемлекет қойған міндет бар", — деді компания өкілі, жобаның бастамашысы Ерболат Құлымбетов.

Қоғамдық тыңдауда тараптар ортақ бір шешімге келмеді. Аудандық әкімдіктегілер шешім қабылдар кезде халықтың пікірі міндетті түрде ескерілетінін айтты. Алда тағы да қоғамдық тыңдау өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу