"Біз оларға жалпыұлттық лайықты саяси бағасын бере алмай жатырмыз"

909

Желтоқсан оқиғасының ресми құжаттары кітап болып шықты.

"Біз оларға жалпыұлттық лайықты саяси бағасын бере алмай жатырмыз"

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада "Желтоқсан. 1986. Декабрь. Документальная хроника" атты кітаптың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды  inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Желтоқсан оқиғасына биыл 35 жыл толып отыр. Осыған орай, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Қазақ тілі" қоғамының президенті Берік Әбдіғалиұлының бастамасымен архив құжаттарына негізделген деректі жылнама жарық көрді. Кітаптың тұсаукесеріне Мәжіліс депутаттары, тарихшылар мен қоғам қайреткерлері қатысты.

"Біздің буын Тәуелсіздік алған кезде 20 жаста едік. Яғни 1986 жылы Желтоқсан болып жатқанда біз 15-тегі бала болдық. Солардың арқасында жігерленіп, рухтанып өстік. Сондықтан Желтоқсан қаһармандары біз үшін әрдайым батыр. Әрине, тағдыры әр түрлі болды. Өздері де сезеді құрбан болғанын. Қазір мақтан тұтып жүрген азаттығымыз да, сол азаттықпен бірге келген жетістіктеріміз де солардың арқасында орнады. Біз оларға жалпыұлттық лайықты саяси бағасын бере алмай жатырмыз. Арамызда жүрген тірі батырлар ғой бұлар. Қарапайым студент қыз-жігіттер жастық жігердің, ұлттық намыстың қандай болу керектігін бәрімізге көрсетіп кетті. Сондықтан Тәуелсіздік тойларында ең бірінші құрмет соларға көрсетілуі керек. Екіншіден, бұл тақырыптың өзі әлі зерттелген жоқ. Кітап шығарғандағы мақсатымыз осыны ғалымдар зерттесе екен деген ниет еді. Кітаптың ішінде қаншама тізім бар. Солардың бәрінің тағдырын анықтаса тарих дегеніңіз сол", – деді бастама авторы Берік Әбдіғалиұлы.

Құнды жинақтың баспа шығындарына "Алтын қыран" қоғамдық қоры демеушілік еткен. 1 000 данамен шыққан жинақ Желтоқсан тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдар мен кітапханаларға таратылмақ. Қордың атқарушы директоры Мақсұтбек Айтмағанбет қажеттілік туындап жатса, жинақты қайта басып шығаруға дайын екендерін айтады.

"Алтын қыран" қоғамдық қоры 15 жылдам астам уақыт бойы қазақ қоғамына керек деген салаларда жұмыс істеп келе жатқанын білесіздер. Оның ішінде қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы бағытында ғалымдарды қолдап, бастамаларына демеушілік жасап жүреміз. Соны ескерсе керек, Берік Әбідғалиұлы бізге шығып ұсыныс жасады. Қордың қамқорлық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов бірдеп құп көріп, кітаптың шығуына атсалыстық. Әзірге 1 000 дана болып шығып жатыр. Ел талап әкетіп, жетпей жатса, тағы да көмектесуге дайынбыз", – деді қордың өкілі.

Желтоқсан боздақтарына қатысты деректің бәрі сол кезде орыс тілінде жүргізілгендіктен, кітап та орыс тілінде жазылған.

Жиынға қатысушылар бұл еңбектің Желтоқсан тақырыбын зерттеуге бет бұрған мамандарға таптырмас дереккөз болатынын айтты. Кітаптың ішіндегі QR-код арқылы осы тақырыптағы "Аллажар" филмін де көруге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу