Сөз барысында Мемлекет басшысы тағы бір мәселеге тоқталды.
"Қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар бар. Ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ. Мен көп жағдайда "Бұл қиындық та артта қалады" деп ашық айтамын. Сол сөзімді осы жерде тағы қайталағым келеді. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп келеміз. Бұл жолы да солай болады. Ең бастысы, барынша жинақы болып, нақты нәтижеге ұмтылуымыз керек. Кез келген ауқымды дағдарыстан кейін зор мүмкіндіктерге жол ашылады. Сол мүмкіндіктерді дер кезінде әрі дұрыс пайдалану қажет. Өз күшімізге ғана арқа сүйеп, барлық ресурсты ортақ мақсатқа жұмылдыруымыз керек. Бос сөзге ұрынып, байбаламға салынбай, жасампаз болғанымыз абзал. Әр азаматтың бойында жауапкершілік сезімі өте жоғары болуға тиіс. Қоғамда өзара тілеулестік болуы керек. Әр істе темірдей тәртіп болуы қажет. Сонда еліміз де орасан зор табысқа жетеді. Баршаңызға мәлім, Заң мен тәртіп – менің стратегиялық бағдарымның арқауы. Мен әр сөйлеген сөзімде осы қағидаттарға арнайы тоқталамын. Таза Қазақстан, Заң мен тәртіп, Адал азамат идеяларының өзегі де – осы", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент біздің этникалық әралуандылығымыз – стратегиялық артықшылығымыз екенін жеткізді.
"Кейбір мемлекеттер үшін этникалық әралуандылық сын-қатердің, сенімсіздік пен төзбеушіліктің белгісі болуы мүмкін. Бірақ бұл біздің жалпыұлттық қазынамыз әрі стратегиялық артықшылығымыз. Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары. Осы құндылықтарға арқа сүйей отырып, біз Тәуелсіздіктің зор жетістіктерін сақтап, еселеп, келер ұрпаққа аманаттай аламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз. Біз өз жерінде тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдеген, өз тағдырын өзі шеше алатынына көптің көзін жеткізген, болашаққа нық қадам басқан біртұтас ұлтпыз. Осынау тар жол, тайғақ кешуде еліміздің тәуелсіздігі мен дербестігін нығайтып, барлық қиындықты еңсеріп, мақсатымыздан айнымаймыз", – деді Мемлекет басшысы.