Біз телефон кодының халықаралық деңгейде бекітілгенін қалаймыз – Бағдат Мусин

682

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі телефон кодын бекітуге қатысты пікірімен бөлісті.

Біз телефон кодының халықаралық деңгейде бекітілгенін қалаймыз – Бағдат Мусин

Бүгін Бағдат Мусин Павлодар облысына жұмыс сапары аясында өңір тұрғындарымен кездесіп, саладағы соңғы жаңашылдықтармен бөлісті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Кездесу барысында телефон нөмірлеріндегі +7 префиксіне қатысты мәселе қозғалды. Министрдің айтуынша, осыдан екі жыл бұрын ол бұл префикстің шын мәнінде Ресейге тиесілі екенін көтерген кезде, қоғам пікірі екіге бөлінді. Бірі оны ауыстыру керек десе, енді бір бөлігі "Өз проблемаларыңды өздерің шешіңдер" деп немқұрайлық танытқан көрінеді.

"Біз күнделікті қолданып жүрген +7 префиксі Ресей Федерациясына ресімделген. Көрші ел бізге бұл кодты сенімхат негізінде беріп отыр. Түптеп келгенде, екі тарап арасындағы құжаттардың барлығы дұрыс. Дегенмен, оны кез келген уақытта қайтарып алуы да мүмкін", – дейді министр.

Сондықтан жақында Бағдат Мусин халықаралық электрбайланыс одағына барып, мәселені шешу жолдарын талқылады. Қазіргі уақытта бірнеше нұсқа бар.

"Бірақ әзірше ол туралы айта алмаймын, себебі ресми түрде растау алған жоқпыз. Бұл туралы хабарды жақын уақытта жеткіземін деген ойдамын. Бізге көршілес мемлекеттің сенімхаты емес, халықаралық деңгейдегі заңнамалық актілер керек. Бүгінгі қолданыстағы код болса да, ол халықаралық деңгейде бекітілуге тиіс. Қазақстандағы телефон префиксіне қатысты ешқандай қауіп болмағанмен, осы мәселені реттеуді қалаймыз", – деп атап өтті Бағдат Мусин.

Еске сала кетейік, өткен жылдың күзінде министр Қазақстан +997 деген дербес ұлттық кодты алатынын хабарлаған еді. Оған 2023 жылдың қаңтарында көшу жоспарланған болатын.

Құндыз Қабылденова

Фото: Константин Музалевский

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу