Біз теңге бағамын асыра бағалаймыз – Мәулен Әшімбаев

255

Сенат спикері Ұлттық қордан түсетін шығындардың экономикаға кері әсері туралы айтты.  

Біз теңге бағамын асыра бағалаймыз – Мәулен Әшімбаев Фото: the-village-kz.com

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстан тапқан табысынан екі есе көп ақша жұмсайтынын мәлімдеді, деп жазады Inbusiness.kz сайты. 

"Біз тапқанымыздан екі есе көп ақша жұмсаймыз. Бұл қосымша қаражат қайдан келеді? Ұлттық қордан және қарыздардан. Біз осы шығындармен инфляция мен бағаны көтереміз. Тиісінше, Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені көтереді, яғни біз осылайша елдегі кәсіпкерлік белсенділікті, демек, экономикалық өсуді шектейміз", – деді Мәулен Әшімбаев "Аналитика мектебінің" үшінші ағымына қатысушылар дайындаған Қазақстандағы ТДМ-ға қол жеткізу бойынша талдамалық материалдар жинағының тұсаукесерінде.

Оның айтуынша, мәселенің екінші бөлігі бар, ол одан да ауыр болуы мүмкін.

"Бюджетке трансферттер үшін Ұлттық қордан долларды біздің ішкі валюта нарығына сату қажет. Сұраныс пен ұсыныс заңы қайтадан іске қосылады. Осылайша біз теңге бағамын тағы қолдан көтеріп, оны асыра бағалаймыз. Бұл жаман емес шығар. Бірақ мұның әсері неде? Артық бағаланған теңге – қымбат экспорт пен арзан импорт. Сонымен, біздің тауар өндірушілеріміз Қытайдан, Ресейден, Түркиядан және басқа елдерден келген өндірушілермен салыстырғанда қолайсыз жағдайға тап болады: олар бағамен ұтылады, тиісінше, біздің ішкі өндірісіміз бен өнеркәсіпіміз қайтадан өспейді", - деп қорытындылады Сенат басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу