"Бізде шатыр да жоқ"

1591

Үйді жөндемек болған мердігер компания жұмысын жарты жолда тастап кеткен.    

"Бізде шатыр да жоқ"

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтуі тиіс "Шұғыла" шағын ауданындағы №25 үйдің жағдайы тұрғындар үшін түсініксіз боп тұр.

Қызылорданың облыс орталығында орналасқан "Шұғыладағы" №25 үй 1972 жылы салынған. Содан бері елу жылға таяу уақыт өтсе де күрделі жөндеу көрмеген. Осыған орай тұрғындар жаңғырту бағдарламасы арқылы күрделі жөндеуден өткізуді ұйғарып, тиісті мекемеге өтініш жолдайды.

"Жұмысшылар келіп, шатырды бөлшектеп, подъездердегі ескі терезелер мен есіктерді алып тастады. Сонымен кетті. Бірнеше аптадан бері бұл үй осылайша үңірейіп тұр. Күз болса келді. Енді жаңбыр жауып, күн суытады. Ал бізде шатыр да жоқ. Жылу маусымына дейін есік-терезесіз қалай болмақ?!", - дейді осы үйдің тұрғыны Ерболат Ахметов.

Бұл мәселеге "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына" жауапты мекеме – "Қызылорда тазалығы" ЖШС-ның өз уәжі бар.

""Шұғыла" шағын ауданындағы №25 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім берілді. Осыған байланысты пәтер иелерімен жалпы жиналыс өткізіліп, тамыз-қыркүйек айларына қаражат жоспарланғаны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы үйдің пәтер иелері мен "Құрылыс Әли" ЖШС мердігерлік ұйымы өзара келісімге келіп, республикалық бюджеттен ақша түсуін күтпей, өз қаражаты есебінен күрделі жөндеу жүргізетіндеріне келісті. Бірақ "Қызылорда тазалығы" ЖШС мен "Құрылыс Әли" ЖШС мердігерлік ұйымы арасында әзірге ешқандай шарт жоқ. Мердігер құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтатты", – делінеді.

Түсініксізі "Қызылорда тазалығы" қалайша "Құрылыс Әлимен" күрделі жөндеу туралы шарт жасаспай "мердігер" деп атайды.

Қолында келісілген шарты болмағасын құрылыс мекемесі заңсыздықтың иісі шыққасын тастап кетті ма? Ал есік, терезе, шатыры жоқ осы үйдің тұрғындарының құқы қайда қалды? Тұрғындарды осы сұрақтар мазалайды, олардың қалалық әкімдік мәселемізді шешіп берсе екен деген өтініші бар.

Осыған орай Қызылорда қаласының әкімі Ғ.Қазантаев тұрғындардың өтініш-шағым, мұң-мұқтажын талдап, зерделеу жұмыстарын жүргізетінін айтты. Бұдан бөлек облыс орталығындағы мәселесі бар көпқабатты тұрғын үйлердегі ақауларды ретке келтіру, өжірелерін тазалау, тозығы жеткен жылу құбырларын ауыстыру, жаңғырту жұмыстарының күн суытпай аяқтауды, халықтың сұрауына сай жұмыс атқаруды сала басшыларына қатаң тапсырып, орындалу барысы өз бақылауында болатынын жеткізді.
 
Нұрбек Дәуренбеков
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу