"Біздегі жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем керек": Депутат санавиация мәселесін көтерді

366

2023 жылы санитарлық авиация саласына 11,9 млрд теңге жұмсалған.

"Біздегі жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем керек": Депутат санавиация мәселесін көтерді Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев өзінің депутаттық сауалында санавиация саласындағы өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біздегі жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем керек екен. Сөз санавиация туралы. Мамыр айында Қостанай облысында санитарлық рейстің су үстінде төбесімен төңкеріліп жатқанын көпшілік көрді. Алыстағы ағайынды емдеуге, орайын тауып орталыққа әкелуге аттанған ұшақтың сиқы сол. Енді қарапайым ел аурудан келмеген ажалым санавиациядан келе ме деп қорқады. Қостанайда суға қонамын деп төбесімен төңкеріліп түскен санавиацияға тиесілі АН-2 ұшағы біраз былықтың бетін ашты", - деді депутат.

Оның дерегінше, 2019-2023 жылдары санитарлық авиация желісінде 11 оқыс оқиға, 5 авиациялық оқиға тіркелген. Тең жартысы АН-2 ұшағына тиесілі. 

Нартай Сәрсенғалиев былтыр санитарлық авиацияға 11,9 млрд теңге жұмсалғанын атап өтті. 

"Қазақстандағы санавиацияда қолданылатын АН-2 – Кеңес кезінде, 1947 жылдан бастап шыққан ұшақ. ЯК-40 – 1966-1981 жылдары құрастырылған әуе көлігі. Табиғи байлықтың бәрі табанының астында жатқан еліміздің санитарлық рейстерінде орташа қызмет ету мерзімі 40 жылдан асқан ұшақтар ұшып жүр. Ең сорақысы – Қазақстанның санавиациядағы АН-2 ұшақтары АИ-95 маркалы автомобиль бензинімен ұшып жүр. Аспанмен адам құтқаруға аттанатын ұшаққа жерде жүретін автокөліктің жанармайымен құйып жүрген ел атандық. Осыдан кейін санитарлық авиациядағы апаттарға ешкім таң қала қоймас", - деп жалғастырды ол.

Мәжілісмен елдегі санавиация апаттарының тең жартысы осы ескі ұшақтардың еншісінде екенін атап өтті.  

"2023 жылы "Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы" шалғайдағы науқасқа жедел жету үшін 11 әуе компаниясымен шарт жасасқан. Бірақ соңғы 4 жылдағы ұшулардың 70 пайызы АН-2 және ЯК-40 ұшақтарымен жүзеге асқан. Шалғайда қалып, жаны мұрынының ұшына келген отандасқа ескі-құсқы ұшақ құламай жеткеннің өзінде көмек кеш барады. Себебі АН-2 санавиациядағы басқа әуе көліктерінен 1-1,5 сағатқа ұзақ ұшады. Мысалы, АН-2 4 сағатта жететін жерге, пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан ЕС-145 тікұшағы 2,5 сағатта жетеді. Соған қарамастан ескі ұшақтардың тарифі жыл санап өсіп барады. Мысалы, 2015 жылы АН-2 ұшағының 1 сағаттық ұшу тарифі – 219250 теңге болса, былтыр – 328 мың теңгеге жеткен", - деді ол депутаттық сауалында.

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев санавиациядан әбден ескірген АН-2 және ЯК-40 ұшақтарын алып тастауды ұсынып оты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу