"Біздің ел зілзала апатына дайын ба": Депутат мәселе көтерді

491

Халық қалаулысы тұрғындар арасында жер сілкінісінен қорғану бойынша оқу-жаттығу жұмыстары жүйелі жүргізілу керек деген пікірде.  

"Біздің ел зілзала апатына дайын ба": Депутат мәселе көтерді Фото: aikyn.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жер сілкінісіне дайындық мәселелері жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Зілзала – айтып келмейтін апат! Сондықтан біздің ел зілзала апатына дайын ба?! Біле білсеңіздер, бұл үлкен адам шығынына әкелетін қауіп-қатер. Сондықтан оған әркез сақадай сай дайын болған жөн. Бұған бүгін Алматыда болған жер сілкінісі дәлел. Алматылықтар болуы мүмкін жер сілкінісі туралы хабарлама алмады. Тұрғындар басында әбігерге түсті. Бойын үрей билеген халық жапатармағай сыртқа ұмтылды. Тіпті көпқабатты үйлердің терезесінен секіруге дейін барды.

Көліктерімен қала сыртына шығып кетпек болғандарда есеп жоқ. Оның соңы ұзын-сонар кептеліске ұласты. Бұл еліміздің ең үлкен қаласы, жан-жақты дамыған, инфрақұрылымы мықты Алматыдағы жағдай. Абырой болғанда, ғимараттар құламады, адам шығыны жоқ. Десе де, мұндай жағдайдың қайталанбасына кім кепіл?!", - деді мәжілісмен.

Бақытжан Базарбек елдің таулы аймақтарында, жерасты қазынаны өндіріп жатқан өндірісті өңірлерде зілзала қаупі жоғары екенін баса айтты.

Депутат Төтенше жағдай министрлігі мен басқа да тиісті мекемелердің зілзаладан қорғану бойынша жұмыстарын мұқият қайта қарауды ұсынып отыр.

"Тұрғындар арасында да зілзаладан қорғану шаралары бойынша оқу, жаттығу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыру керек. Фейк ақпараттарға сенгіш халықты қорқыныш биледі. Барлық жағдайда өтірік ақпарат тез тарап кететіні бар. Азаматтар тек ресми ақпаратты ала білуі қажет, әрбір тараған материалды жан-жақты тексеруіміз керек. Сол үшін, бізде апатқа дайын болатындай мәдениет қалыптасуы тиіс", - деп түйіндеді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу