Біздің кездесуіміз Орталық Азия елдерінің бірлігін көрсетеді – Қасым-Жомарт Тоқаев

676

Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуі өтіп жатыр. Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан көшбасшылары қатысуда. 

Біздің кездесуіміз Орталық Азия елдерінің бірлігін көрсетеді – Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде баяндама жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент Орталық Азиядағы климаттың өзгеру салдарын еңсеру үшін күш-жігерді бір арнаға тоғыстыру керек деп санайды.

"Орталық Азия елдерінің қоршаған ортаны қорғау және өңірдегі климаттың өзгеруіне қатысты келісілген саясат жүргізу жөніндегі жобалық кеңсені құруды ұсынамыз", – деді Тоқаев.

"Қазіргі климаттық сын-қатерлер, су және энергетикалық ресурстарға деген келе жатқан сұраныстың өсуі Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету үшін батыл шаралар қабылдауды талап етеді", – деді ҚР Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестерін "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" темір жолын белсенді түрде пайдалануға шақырды.

"Соңғы 5 жылда Қазақстанның Орталық Азияның басқа елдерімен арадағы тауар айналымы 42%-ға артып, 6,3 миллиард долларға жетті. Өзара сауданы арттыру үшін ауқымды резервтердің бар екенін ескере отырып, болашақта бұл көрсеткішті 15 миллиард долларға дейін жеткізу керек", – деді жиында Мемлекет басшысы.

Президенттің тағы бір тоқталған мәселесі – шекараны заңды түрде рәсімдеу.

"Біз өз тәжірибемізден шекараны заңды түрде рәсімдеу процесі өте қиын екенін білеміз. Даулы мәселелерді тату көршілік және халықаралық құқықтың қағидаттарын ұстану арқылы тек бейбіт жолмен шешуге болады. Басқа жолы жоқ", – деген пікірде Қазақстан басшысы. 

Сондай-ақ ҚР Президенті Орталық Азия елдері Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының тұрақты консультацияларының тетігін іске қосуды ұсынды: "Біздің қарым-қатынастарымыздың ерекше сипаты бүгін қабылданатын бірегей құжатта, яғни ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту үшін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартта бекітілген. Бұл тарихи құжат біздің бесжақты стратегиялық әріптестігіміздің жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді".

Мемлекет басшысы осы кездесуді "Орталық Азия елдерінің бірлігін, жаңа сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы бірлесе күресуге деген ұмтылыс" екенін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу