Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елдің қорғаныс қабілеті мен армияның жауынгерлік қуатын нығайтуға бағытталған тапсырмаларының Тұңғыш Президент салған сара жолмен сабақтастығын атап өтті.
"Қазақстан жауынгерлері адамзат тарихындағы ең алапат соғыста 76 жыл бұрын бостандық пен тәуелсіздікті қорғаған ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрін абыроймен жалғастыруда", – деді қорғаныс ведомствосының басшысы.
Нұрлан Ермекбаев Ұлы Отан соғысындағы ата-бабамыздың ерлікке толы дара жолы өскелең ұрпақ үшін тағылымы мол үлгі-өнеге екенін айтып өтті.
"Біздің ортақ міндетіміз – сұрапыл соғыстың болуына жол бермей, еліміздің тыныштығын сақтап, болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлау", – деді Қорғаныс министрі.
Сөз соңында қорғаныс ведомствосының басшысы қан майдандағы шайқаста Жеңіс туын желбіреткен, тылдағы қажырлы еңбегімен Жеңісті жақындатқан қадірлі ардаргерлерді, бейбіт өмірде ел тыныштығын қорғауда тұрған жауынгерлерді құттықтады. Баршаға зор денсаулық, әр отбасына амандық, қасиетті Отанымыз – Қазақстанның айбынын асқақтатып, оны қорғау жолындағы абыройлы істе толағай табыс тіледі.