Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов елімізге жасанды интеллектінің қазақстандық моделі қажет екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Елімізде жасанды интеллектіні дамыту өз алдына дербес міндет емес. Цифрландыру мен технологиялық прогрестің ұлттық стратегиясының ажырамас бөлігі ретінде қарастырылуда. Бізге жасанды интеллектінің қазақстандық моделі қажет. Мемлекет басшысы алдымызға осындай міндет қойып отыр. Ол – азаматтарымыз үшін қауіпсіз, экономикаға тиімді, ұлттық мүдделерімізге сай болып, еліміздің прогрессивті дамуына серпін беруге тиіс. Бұл – жай ғана жарыс емес, ақыл-ой мен білімнің бәсекесі", – деді Мәжіліс спикері.
Ерлан Қошановтың сөзінше, ол бәйгеде озық елдердің қатарында болуға біздің мүмкіндігіміз жеткілікті.
"Қазір жасанды интеллект абстракция емес. Ол – нақты құрал. Сондықтан оны нақты секторда, мысалы, аграрлық салада қолдану керек. Жасанды интеллектіні қолдану фермер, агроном, мал өсіруші үшін қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Ақылды жүйелер егін егу мен оны жинаудың оңтайлы уақытын анықтауға көмектеседі. Жануарлардың саулығын нақты уақыт режимінде қадағалайды. Жалпы алғанда, бұл – далада, жылыжайда, фермада әрдайым қасыңда болатын цифрлық көмекші", – деп атап өтті ол.
Қазірдің өзінде жасанды интеллект ауыл шаруашылығы үшін болашақ емес, бүгінгі күннің құралы болуы қажет, дейді Мәжіліс төрағасы.
"Мәселен, кейбір өңірлерде ауыл шаруашылығында жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша алғашқы қадамдар жасалуда. Таяуда ғана Ақмола облысында Мемлекет басшысына аграрлық салаға жасанды интеллектіні ендіру бойынша пилоттық жоба таныстырылды. Бұл инновациялық өнім кәсіпорынның кірісін көбейтуге, тиімділікті арттыруға, бюджетке қосымша түсім әкелуге жол ашады. Осындай озық тәжірибелер басқа да өңірлерге тарайды деп сенемін", – деді Қошанов.