Бизнес қазіргі таңда Қазақстанда ғылыммен жұмыс істеуге болатынына сенді

1135

Астанада сенат депутаттарымен кездесуде "Ғылым қоры" АҚ басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин осылай деді.

Бизнес қазіргі таңда Қазақстанда ғылыммен жұмыс істеуге болатынына сенді Фото: inform.kz

ҚР білім және ғылым министрлігіне қарасты "Ғылым қоры" АҚ-тың гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылған отандық жобалар 852 миллион теңге табыс тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Өткен жылы біз 852 миллион теңге коммерциялық табыс таптық. Жемісін берген нақты жобалар баршылық. Мәселен, Көкшетау минералды суы өз өнімдерін шығара отырып, 441 миллион теңге коммерциялық кіріс көрді", – дейді Әнуарбек Сұлтанғазин.

Басқарма төрағасы техникалық бағыттағы отандық өнімдер туралы да сөз қозғады.

"Қазтехникос" өнімі бар. Біздің ғалымдар жарықдиодты шамдар үшін арнайы қуат көзін ойлап тапты. Ол өнім жарықдиодты шамдардың қызмет ету мерзімін екі есеге арттырады. Яғни, осы өнім арқылы шамға қатты жүктеме түспей, қызмет көрсету мерзімі ұзарады. Бұл жоба қазірдің өзінде еліміздің 11 өңірінде іске асырылып жатыр", – дейді Әнуарбек Сұлтанғазин.

Еске сала кетсек, "Ғылым қоры" АҚ басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин үш конкурстың нәтижесі бойынша мақұлданған жобаларға отандық бизнес өкілдері бұрынғыдан көбірек ақша бөле бастағанын айтқан болатын.

"Алғашқы конкурсқа бар-жоғы 337 жоба келіп түсті де, соның нәтижесі бойынша 32 жоба қаржыландыру бойынша қолдау тапты. Ал 2017 жылы өткізген конкурсқа 502 жоба түсті. Олардың ішінде 72 жоба қолдауға ие болды. Сонымен қатар, үшінші конкурсқа 431 жоба қабылданып, оның 78-і іріктелді. Осылайша, іске асырылған жобаларды есептеп отырсақ, үш конкурс бойынша мақұлданған жобаларға бөлінетін қаражаттың 40,3 пайызын бизнес өкілдері аударған. Демек, бизнес қазіргі таңда Қазақстанда ғылыммен жұмыс істеуге болатынына сенді", – дейді Әнуарбек Сұлтанғазин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу