Құрылыс компаниясы балық шаруашылығымен айналысқысы келген немесе Ақтөбе облысында мемлекеттік сатып алудағы парадокс:
Ақтөбе облысының тұрғыны, "Ардағым" шаруа қожалығының басшысы Момынжан Қали Кеңестен көмек сұрап жүгінген. Ол құнды, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар балық түрлерін көбейту бойынша мемлекеттік сатып алу кезінде құқығының бұзылғанын мәлімдеді. Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы құнды, сирек кездесетін балықтарды өсіру бойынша мемлекеттік сатып алуды балық өсіруге қатысы жоқ құрылыс компаниясына тапсырған.
Ішкі мемлекеттік аудиттің бастамасымен бұл байқау іске аспаған деп танылды. Алайда жергілікті әкімдік осы қызметтерді сатып алу процедурасын қасақана өткізбей, мерзімін созып отыр. Осы әрекетімен әкімдік өңірде бағалы балық түрлерін жасанды жолмен молайту жөніндегі шараларды үзіп, "Ардағым" шаруа қожалығының құқығын бұзды.
"Біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін жеткізушіге байқауға қатысуға рұқсат беру Ақтөбе облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы лауазымды тұлғаларының мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманы анық бұзғанын көрсетеді. Ал байқауды өткізу мерзімдерін негізсіз созу сирек кездесетін және құнды балық түрлерінің шабақтарын өсіру бойынша мемлекет жоспарлаған шараларға кедергі келтіреді", – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.
Кеңес Мемлекеттік ішкі аудит комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне байқау өткізу кезінде Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзылуына жол бергені үшін Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының кінәлі лауазымды тұлғаларын әкімшілік жауапқа тартуды ұсынды.
Алматы облысының жеке балабақшалары көмек сұрайды.
Алматы облысы кәсіпкерлер палатасына "Малыш" балабақшасы" жеке кәсіпкерлігі, "Академия детства" жеке балабақшасы" ЖШС, "Болашақ" ЖШС, "Дидар-1979" ЖШС, "Еркетай" балабақшасы" ЖШС, "Нартай-2012" ЖШС, "Көркемай" балабақшасы" ЖШС көмекке жүгінген. Осы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары Қапшағай қаласы әкімдігінің білім бөлімі тарапынан мектепке дейінгі білім беру қызметтеріне қаржыландырудың жүйелі түрде кешіктіруі мәселесін шешіп беруді сұрайды. .
"Берешектің туындау себептеріне жүргізілген талдау жергілікті атқарушы органдардың мектепке дейінгі білім беруде мемлекеттік қызмет көрсетуге бюджетте көзделген қаражатты бір ғана қызмет жеткізушімен бірнеше шарт жасау немесе кейіннен қосымша шарттар жасай отырып, қаражатты негізсіз бөліп төлеу практикасы қалыптасқанын көрсетті", – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.
"Академия детства" жеке балабақшасы" ЖШС директоры Анастасия Трофимованың ақпараты бойынша Қапшағай қаласының әкімдігінде мектепке дейінгі білім беруді қаржыландыру схемасы қызмет көрсетушінің тағдыры толығымен шенеуніктің "көңіл-күйіне" тәуелді болатындай енгізілген. Жеткізушімен жасалатын мемлекеттік тапсырысты орындау туралы келісімшарт бір жылға бөлінген бюджеттен айтарлықтай төмен бағада көрсетіледі. Әрі қарай бұл сома қосымша келісімшарттарды жасау арқылы өседі. Ал қосымша келісімнің жасалу-жасалмауы толығымен әкімдіктің білім беру бөліміне байланысты.
"Бұл практика заңға негізделмеген әрі сыбайлас жемқорлық қатерін тудырады. Өйткені жеткізуші шарттарды ұзарту немесе бұрын қол қойылған шарттарға қосымша келісімдер жасасу құқығына ие өкілетті тұлғалардың әрекетіне толығымен тәуелді болады", – деді Кеңес төрағасы.
Соның нәтижесінде Қапшағай қаласы әкімдігі білім беру басқармасының 2021 жылғы қарашадағы берешегі 2-ден 15 млн теңгеге дейін жеткен. Балабақшалардың көрсеткен қызметі үшін сомаларды бөлшектеу жеке балабақшаларына ғана қолданылады. Ал әкімдік мемлекеттік балабақшалармен балабақшаның жобалық қуаттылығы және бюджетте қарастырылған қаражатқа сәйкес бір жылға толық сомаға бірыңғай келісімшарт жасайды.
"Қапшағай қаласы әкімдігінің білім бөлімі мектепке дейінгі тәрбие бойынша көрсетілетін қызметтерді қаржыландыруға қатысты қалыптастырған негізсіз практикасы кәсіпкерлердің құқығын бұзады және өңірдің кәсіпкерлік қызметінің дамуына кері әсер етеді", – деп қорытындылады Қайырбек Сүлейменов.
Кеңес отырысында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевқа Қапшағай қаласы әкімдігінің 2021 жылғы қараша үшін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына берешекті толық төлеу үшін қаражат іздестіру мәселесін қарауды ұсынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша мектепке дейінгі білім беру жүйесі отандық білім беру жүйесінде жемқорлық белең алған сала ретінде белгіленген.
Білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың 50%-дан астамы мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру кезінде жасалады. Олар негізінен қаражат ұрлау, қызметті асыра пайдалану, парақорлық және қызметтік жалғандықпен байланысты болып келеді.