Бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсіновтың өкілеттік мерзімі аяқталды

239

Соңғы екі жыл ішінде Бизнес-омбудсмен кеңсесі Үкіметпен бірлесе отырып "таза парақтан" реттеуді енгізу тәртібі бойынша жұмыс жүргізді. 

Бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсіновтың өкілеттік мерзімі аяқталды Фото: inbusiness.kz

ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 312-бабына сәйкес, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Рустам Жүрсінов қызметінен босатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2020-2023 жылдар аралығында бизнес-омбудсмен кеңсесі 17,4 мыңнан астам өтініш қарады. Алайда, өткен жылдармен салыстырғанда өтініштердің жалпы санының біртіндеп төмендеу үрдісі байқалады. 2023 жылы 3 711 өтініш келіп түскен, оның 1 623-і (48%) бойынша мәселе шешіліп, ал 498-і (13%) бойынша тиісті түсініктеме берілген. Мұндағы көрсетілетін негізгі шағымдар көбінесе жер құқығы, салық және құрылыс мәселесіне қатысты болды.

Көрсетілген мерзім ішінде мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау функцияларын кең ауқымды реформалау жұмысы жүзеге асырылды. Бұл ретте бақылау функцияларының саны 544-тен 165-ке қысқарды, оның ішінде бақылау жүйесінен 23 сала, ал қадағалау жүйесінен 3 сала алып тасталған. Соның нәтижесінде бизнеске қатысты сотқа дейінгі тергеулер саны бес есеге қысқарды.

2020 жылдан бастап кәсіпкерлікке қатысты қозғалған қылмыстық істер саны екі есеге, ал 2016 жылдан бастап сегіз есеге жуық азайғандығын атап өткен жөн.

Соңғы екі жыл ішінде Бизнес-омбудсмен кеңсесі Үкіметпен бірлесе отырып "таза парақтан" реттеуді енгізу тәртібі бойынша жұмыс жүргізді. Нәтижесінде кәсіпкерлікке кедергі келтіретін 10 мыңнан астам ескірген және артық талаптар жойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.

Сондай-ақ, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерді қоса алғанда, экономикалық қылмыстарды декриминализациялау шарасы жүзеге асырылды. Тиісті заңдарға кәсіпкерлердің құқығын қорғауға бағытталған бірқатар түзетулер енгізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Бірыңғай сатып алу терезесі" порталы құрылды. Аталмыш порталға барлық реттелетін сатып алулар туралы ақпараттар жиналады, осы арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлескен белсенді жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде бұл порталдың жұмысы 158,4 миллиард теңгеден астам мемлекеттік бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді.

2021 жылдың шілдесінде "Адал бизнес-серіктестер тізілімі" АЖ жұмысы іске қосылған болатын. Бұл ақпараттық желі кәсіпкерлерге өздерінің контрагенттерін сенімділікке тексеру бойынша тиісті шаралар қабылдауға, сондай-ақ өздерін бақылайтын мемлекеттік органдардың тұтқиыл талаптарынан қорғануға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта кәсіпкерлер бизнесті дамытуға қажетті жағдайларды жақсарту мақсатында, оның ішінде Бизнес-омбудсменмен тығыз ынтымақтастық байланыс шеңберінде өздерінің сындарлы идеяларын ұсына отырып, мемлекеттік құрылымдармен белсенді өзара іс-қимыл жасап келеді. Бұл жұмыстардың тараптарға тиімділігі де күн санап артып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу